14 ақп, 2017 сағат 12:18

Үкімет «Нұрлы жол» бағдарламасына биыл 387,4 млрд. теңге бөлді

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2017 жылы 387 млрд-тан астам теңге қарастырылған. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов хабарлады.

Қаржы министрлігі басшысының мәлімдеуінше, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының бюджеттік бөлігінің жылдық жоспары 100 %-ға дерлік игерілген. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, ТКШ мен тұрғын үй құрылысын дамытуға, білім беру саласындағы инфрақұрылымды жүзеге асыру қаражаты толық көлемде пайдаланылған. Жергілікті деңгейде мемлекеттік бағдарлама қаражатын игеру де жеткілікті түрде жоғары - 98,7 %.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2016 жылы жүргізілген камералық бақылау жалпы сомасы 221 млрд теңге болатын мемлекеттік сатып алулардың 420 рәсімін қамтыды, оның 55 млрд теңге сомасына хабарламалар жіберілген.

Мемлекеттік аудит нысандарымен анықталған қателіктер жойылды. Сонымен қатар 17 млрд теңге сомасындағы мемлекеттік сатып алулар қорытындысы қайта қаралды; 38 млрд теңге сомасындағы мемлекеттік сатып алулар болдырылмады.

Спикердің айтуынша, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына қатысқан төлемшілерден бюджетке салық көлемінің өсімі байқалады. Олардың көлемі 2016 жылы 43,5 млрд теңгені құрады, бұл 2015 жылғыдан 1,4 есеге жоғары көрсеткіш.  

«Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 2017 жылы бюджеттен 387,4 млрд теңге сомасында қаржы қарастырылған», - деді Б. Сұлтанов және барлық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды қазірден бастап қажетті шараларды қолданып, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында бюджеттік рәсімдердің уақытылы жүргізілуін бақылауда ұстауға шақырды.

Еске сала кетейік, бүгін Үкіметте Инфрақұрылымды дамытудың 2015 - 2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы жөніндегі мәселе қарастырылды. 

Ұлт порталы