07 қаз, 2025 сағат 12:31

Үкімет МӘМС жүйесін қайта қарайды

Фото: Baq.kz

Бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорының бизнес-процестерін трансформациялау барысына назар аударып, жұмысты жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды Ult.kz.

Оның айтуынша, МӘМС қоры қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінің негізгі тетігі болып саналады. Алайда қордың бизнес-процестерін жаңғырту мен цифрландыру жұмыстары баяу жүргізіліп жатыр.

«Әсіресе жоспарлау, төлем жүргізу және сатып алу бағыттарында кешігулер байқалады. Сондықтан Қор жұмысты барынша жандандыруы қажет. Медициналық көмекті қолжетімді, сапалы әрі азаматтардың сұранысына сай ету үшін жүйеде үйлесімді және жедел шаралар қабылдануы тиіс», — деді Үкімет басшысы.


Премьер-министр келесі жылдан бастап тұрмысы төмен азаматтар МӘМС бойынша медициналық көмек алатынын баса айтты. 

«2026 жылдан бастап тұрмысы төмен азаматтар жергілікті бюджеттер есебінен медициналық сақтандыру жүйесімен қосымша қамтылады. Осындай ауқымды өзгерістерді бірлесіп жүзеге асыруға күш жұмылдыру керек», —  деп атап өтті Олжас Бектенов.


Премьер-министр тапсырмалары:

Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек министрлігіне және өңір әкімдіктерге:

  • - медициналық сақтандырудың жаңа тетігін енгізу бойынша үйлесімді жұмысты жүргізу;
  • - өңір әкімдіктері мен Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмек сапасын арттыру бойынша пәрменді шаралар қабылдау;
  • - сақтандыру жүйесіне жарна төлеуге қатысты міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету;
  • - жергілікті деңгейде енгізіліп жатқан өзгерістерді іске асыруға әкімдіктерді барынша жұмылдыру. 

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына:

  • - осы жылдың соңына дейін қордың бизнес-процестерін автоматтандыру және оңтайландыруды аяқтау;
  • - азаматтар мен медициналық ұйымдар үшін ыңғайлы сервистерді қамтитын цифрлық платформаны толық қайта қарауды тапсырды.

Денсаулық сақтау министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне:

  • - биылғы 1 желтоқсанға дейін медициналық сақтандырудың жаңа нормаларын ақпараттық-түсіндіру бойынша жұмыс жоспарын әзірлеп, іске асыру;
  • - бұқаралық ақпарат құралдарын, цифрлық алаңдарды, әлеуметтік желілерді, өңірлік іс-шараларды барынша пайдалану.

Сондай-ақ Олжас Бектенов ЖИ элементтерін енгізу арқылы қаржының тиімді жұмсалуын және медициналық қызметтер сапасын қатаң бақылауға алуды тапсырды.  

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында медициналық көмек көрсетуге 2025 жылы мемлекеттік бюджеттен 3 трлн теңге бөлінгенін атап өтті. 

«Бұл – қомақты қаражат. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі қаржының тиімді жұмсалуын және медициналық қызметтердің сапасын, оның ішінде цифрлық құралдар мен жасанды интеллект элементтерін енгізу арқылы қатаң бақылауға алсын.
Сонымен қатар министрлік медициналық көмек көрсету стандарттары мен ережелерін қайта қарауы керек. Емделушілер үшін бәрін оңтайландырып,  барынша жеңілдету керек», — деп тапсырды Олжас Бектенов.