11 мам, 2020 сағат 14:15

Үкімет халық пен экономиканы қолдауға қосымша 575 млрд теңге жұмсайды

575 млрд теңге қосымша шығыстар азаматтар мен экономиканы қолдауға жұмсалады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Республикалық бюджеттің салық кірістерінің төмендеуін өтеуге және тиісті мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 1,7 трлн теңге бөлінеді. Экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнес субъектілері мен ірі бизнес өкілдерінің еңбек ақы төлеу бойынша салықтар мен алымдарды төлеуден босатылуына байланысты жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеуге 237 млрд теңге қарастырылған», - деді ол.

Оның атап өтуінше, 313 млрд теңге әлеуметтік төлемдердің, яғни, зейнетақылар, жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек 10 пайызға дейін қосымша индекстеуге, стипендияны деңгейін арттыруға және тұрғындардың коммуналдық қызметтерінің ақысын төлеуге жұмсалады. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Еңбек», «Бизнестің жол картасы – 2025», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларды кеңейтуге 240 млрд теңге бағытталады. 

«Эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 125 млрд теңге, оның ішінде медициналық және басқа қызметкерлерге қосымша ақы төлеу, халықтың аз қамтылған топттарына азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз ету қарастырылған. 575 млрд теңге қосымша шығыстар азаматтар мен экономиканы қолдауға, оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталады. Осы қаражаттар аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы үлестік құрылыстың проблемалық нысандарын аяқтауға арналған шығыстар, айырбас бағамының өзгеруіне байланысты шығыстар және басқа да шығыстар көзделген», - деді Әлихан Смайылов.