29 қыр, 2017 сағат 17:24

Үкімет басшысы Оңтүстік Қазақстанды дамыту жолдарын талқылады

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңір жұртшылығының қатысуымен туризм мен кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту мен еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады PrimeMinister.kz сайтынан.

Шараға мемлекеттік органдардың, ОҚО әкімдігінің басшылары, өңірлер әкімдерінің орынбасарлары, салалық қауымдастықтардың өкілдері, жұмыспен қамту орталықтарының директорлары, ҰКП, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.

ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев туризмді дамыту жөнінде баяндама жасады. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ҚР Үкіметінің елімізде кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарып жатқан шаралары туралы баяндады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жұмыспен қамту және ішкі көші-қонды ынталандыру шаралары туралы айтып берді. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Серпін» әлеуметтік жобасын іске асыру туралы есебін ұсынды. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы туристік саланы дамытудың келешегі мен қазіргі сын-тегеуріндері тақырыбында сөз қозғады.

Кеңес аясында «ОҚО туризм индустриясын дамыту орталығы» қауымдастығының президенті Гүлмира Ақбердиева, БҰҰ көші-қон агенттігі ұйымының Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Деян Кесерович, СҚО әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысынан Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған, Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының қатысушысы Серік Жанәлиев сөз сөйледі.

Сондай-ақ, кеңес қатысушылары «Ұлы Жібек жолында» бірыңғай туристік жобаны іске асыру келешегі және еңбекке жұмылдыру мәселелері туралы пікір алмасты.

Шара барысында өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын қабылдағаны туралы айтылып өтті. Онда жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдыларға жаппай оқытуға негізгі басымдық берілді. Онымен қоса, бағдарлама еңбекке жұмылдыруды арттыру мәселесін де қамтиды.

Бұдан өзге, өңірлерді экономикалық дамытудағы өзекті жағдайларды ескере отырып, ішкі көші-қон жағдайын жаңартуға бағытталған Көші-қон саясатының тұжырымдамасы қабылданды.

Үкімет бизнесті дамыту мен қолдау көрсету тұрғысынан жағдайды ерекше бақылауда ұстауда, соның ішінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының түрлі алаңдарда, ҚР Премьер-Министрінің ел аймақтары бойынша жұмыс сапарлары барысында көтерген мәселелері Жүйелік проблемалар тізіміне енгізілген. Аталған тізім 513 мәселеден тұрады, олардың 442-сінің бүгінде шешімі табылған, қалған мәселелер бойынша пысықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар дамытудың перспективалы бағыттарының бірі ретінде туризм саласы аталып өтті.

Анықтама:

ҚР туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасында 6 туристік кластерді құру көзделіп отыр. Онда ОҚО «Ұлы Жібек жолын қайта жандандыру» кластеріне кіреді.

Облыстың аталған кластеріне Түркістан қаласы, Отырар және Сарыағаш аудандары, «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі кіреді.

Қорытындылай келе, айтылған шаралардың барлығы облыстың экономикалық әлеуетін дамытуға қажетті жағдайларды жасауға бағытталғаны және жүйелі негізде іске асырылатыны аталып өтті.