13 нау, 2018 сағат 14:50

Үкімет басшысы Наурыз қарсаңында азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Наурыз мейрамы қарсаңында азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Баға мәселесін қатаң бақылауға алыңыздар. Алда тағы да Наурыз мерекесі келе жатыр. Осыған байланысты баға күрт өсіп кетіп жүрмесін!", — деп тапсырды премьер-министр үкімет отырысында.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің ақпаратынша, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 0,7%-ға өскен.

"Ең жоғары баға: қырыққабат – 12,7%; пияз – 7,4%; картоп – 5,5%; сәбіз – 4,5%.  Бағаның өсуіне маусымдылық, сақтау кезіндегі тауарлардың бұзылуы және шығындары, қысқы кезеңде қолайсыз ауа райында тасымалдау себеп болып отыр", — деді ол. 

Оның айтуынша, қарақұмық, күріш, 1 санаттағы жұмыртқа, 1 сұрыпты бидай ұны, тауық еті, күнбағыс майы мен тұз өнімдері керісінше арзандаған. 8 тауар бойынша баға бекітілген аралық шегінде қалып отыр.

"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру және ұстап тұру мақсатында ұлттық экономика министрлігі 2018 жылға шекті мәндерді бекітті", — деді Сүлейменов.

Министр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қымбаттаған өңірлерді атады.

"Ең жоғары өсім – Астанада (102,2%), Алматы қаласында (101,6%) және Ақтөбе облысында (101,3%) байқалады. Азық-түлік түрлері бойынша Алматы қаласында қырыққабат бағасы (28,9%), Астанада картоп (12,7%), Қарағандыда сәбіз (12%) бағасы айтарлықтай өсті", — деді ведомство басшысы.