27 қыр, 2016 сағат 10:41

Үкімет басшысы құрылыс нысандарында отандық материалдардың үлесін 80 пайызға жеткізуді жүктеді

ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев нысандарды салу кезінде қазақстандық құрылыс материалдардың үлесін 80 пайызға жеткізуді тапсырды, - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Құрылыс кезінде отандық материалдарды пайдалану маңызды мәселе. Бүгінде тек 58 пайыз деңгейінде отандық құрылыс материалдары пайдаланылуда. Бізге қазақстандық материалдардың үлесін 80 пайызға дейін жеткізсек, бұл өз кезегінде еліміздегі компанияларға елеулі қолдау болады»,-деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.

Сонымен қатар Б. Сағынтаев жылдың соңына дейін тұрғын үй құрылысында биылғы жоспар тиісті деңгейде орындалуын тапсырды.

«Елімізде 25 жылдың бір миллионға жуық отбасы баспаналы болды. 1,4 мың мектеп іске қосылды, 1,3 мың денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілді. Сол себептен Тәуілсіздігіміздің 25 жылдығына дейін қалған аз уақыттың ішінде жоспардағы нысандардың барлығын белгіленген мерзімде тапсырып, тұрғындарға жұмыстардың аяқталғандығы туралы есебімізді беруіміз қажет. Осы ретте жоспарлы жұмыстарды соңына дейін жеткізуге бізде мүмкіндіктер жеткілікті», - деді Премьер-Министр Үкімет мүшелеріне қаратып айтқан сөзінде.