Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматы облысына келді. Мұнда білім беру және денсаулық сақтау салаларының қызметкерлерімен, сондай-ақ кәсіпкерлер қауымымен Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауын іске асыру жөнінде кездесулер өткізіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жұмыс сапары барысында Премьер-Министр бірқатар ірі инфрақұрылымдық нысандарды аралайды. Қытаймен шекарадағы «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктінің, «Қорғас» ШЫХО бақылау-өткізу пунктінің жұмыстарын және шекара маңы ғимараттарының құрылысы барысын тексереді. Оған қоса, Бақытжан Сағынтаев келесі жылы пайдалануға берілетін шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметімен және 100 мыңға жуық адамды орналастыруға арналған «Нұркент» жаңа қаласын дамытудың бас жоспарымен танысады.
Облыс орталығында әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымның жаңа нысандарын барып көреді. Мәселен, техникалық мектеп-лицейді аралау кезінде өңірде ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасымен және оны одан әрі жетілдіру жұмыстарымен танысады. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысы, «Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру, соның ішінде газдандыру мәселелері, сондай-ақ, ТҰК тарапынан инвестициялар тартуға қажетті жағдайлар жасау, МЖӘ қағидасын қолдануды кеңейту және ішкі әрі сыртқы туризмді дамыту мәселелері қаралады.
Өңірге келген бойда Б. Сағынтаев биыл көктемде пайдалануға берілген Талдықорған әуежайының жаңа терминалын көрді. Бұл нысан ішкі және халықаралық әуе қатынастарына ұшатын жолаушыларға, сондай-ақ, шығарып салушылар мен күтіп алушыларға жыл бойы ұшар алдындағы және қонғаннан кейін кешенді қызметті көрсетуге арналған.
Бұдан өзге, Алматы облысының әкімі А. Баталов Үшарал қаласының әуежайын дамыту және Алакөл көлінің жағалауын бекіту жобаларымен таныстырды.
Өткен жылы Алматы облысының әкімдігі Үшарал қаласы әуежайының аэровокзал ғимаратын салуды аяқтады. Осы жылдың маусым айынан бастап Үшарал әуежайынан аптасына үш рет «Астана — Үшарал» және «Талдықорған — Үшарал», аптасына бес рет «Алматы — Үшарал» бағытында әуе рейстері орындалуда. Сонымен қатар, қазіргі таңда ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл әуежайдың Boeing санатының әуе кемелеріне қызмет көрсетуіне жол ашады.
Биыл бір миллионнан астам турист келген Алакөл көлінің жағалауын дамыту мақсатында кешенді инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. 2019 жылы Алакөл көлінің жағалауында сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін – ұзындығы 72,9 шақырым болатын тазарту нысандары, сондай-ақ, 50 шақырымға арналған сумен жабдықтау жүйесін салу көзделген. Бұдан өзге, жағалауды бекіту мен кеме аялдайтын айлақтарды салудың жаңа технологияларын енгізу жоспарда бар. Облыс әкімінің айтуынша, қоршалған бөгет Көктұма мен Ақши ауылдарының тұрғындарын — 2,5 мыңнан астам адамды Алакөл көлінің қатты толқындарының залал келтіруінен қорғауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, облыс әкімдігінің деректеріне сәйкес, туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар 2016 жылдан бастап (452 мың адам) Алакөл ауданында қызмет көрсетілген туристер санын екі еседен астам ұлғайтуға мүмкіндік берді. Жалпы, облыс бойынша бір жылда келетін туристер саны 1,96 млн құрайды.