Қазақстандық «Қайрат» UEFA Конференция лигасы топтық кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін «Қайрат» Люксембургтің «Фола» командасымен қарымта ойын өткізді. Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде алматылық клуб сырт алаңда қарсыласынан 4:1 есебімен басым түскен болатын.
Сондықтан люксембургтік клубтың бүгінгі кездесуде екі ойын бойынша таразы басын теңестіруі қажет еді.
Ойынды алматылық клуб белсенді бастады. Нәтижесінде 12-минутта «Қайрат» шабуылшысы Артур Шушеначев мергендік танытып, командасын алға шығарды. Ал 28-минутта Вагнер Лав есепті ұлғайта түсті. Ойынның 36-минутта Артур Шушеначев тағы бір мәрте қанжығасын майлады.
Бұдан кейін 43-минутта «Фола» сапынан Мирза Мустафич есеп айырмасын қысқартты.
Бүгінгі кездесуде «Қайрат» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті. Осылайша UEFA Конференция лигасы топтық кезеңіне жолдама алды
Еске салсақ, «Қайрат» алдымен Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысында Израильдің «Маккаби Хайфа» клубынан (1:1, 2:0) басым түсті. Одан кейін Сербияның «Црвена Звезда» клубына (2:1, 0:5) жол беріп қойды.
Еуропа лигасы үшінші іріктеу сатысында «Қайрат» Арменияның «Алашкертіне» (0:0, 2:3) есе жіберді.
Сондай-ақ, бүгін UEFA Конференция лигасы плей-офф сатысында Қарағандының «Шахтері» сырт алаңда Израильдің «Маккаби Тель-Авив» клубымен кездеседі.
Айта кетсек, UEFA Конференция лигасында елордалық «Астана» және қостанайлық «Тобыл» командалары сынға түскен еді. Дегенмен олар үшінші іріктеу сатысынан аса алған жоқ.