Бүгін, 22 шілдеде UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысындағы алғашқы кездесуде елордалық «Астана» Грекияның «Арис» командасынан басым түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ойын басынан екі команда бір-бірінің қақпасына гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Негізінен «Астана» алға қарай жиі ұмтылды. Өзінің алаңында жеңіске жеткен жағдайда жарыстың келесі сатысына шығуға мүмкіндік арта түседі. Елордалық клуб футболшылары осындай оймен жасыл алаңға шықты.
Нәтижесінде 24-минутта елордалық клубтан Марин Томасов қақпаны дәл көздеп, өзінің командасын алға шығарды. Бұдан кейін екі команда да гол соғатын сәттер де кездесті. Бірінші кезеңде таблодағы есеп өзгерген жоқ.
Екінші кезеңде Марин Томасов шабуыл шебінде жиі бой көрсетті. Ол 70-минутта өзінің екінші голын соғып, «Астананың» басымдығын арттыра түсті.
Кездесуде «Астана» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті. Қарымта кездесу 29 шілдеде Грекияда өткізіледі.
UEFA қарамағындағы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасынан кейінгі үшінші деңгейдегі құрлықтық клубтық футбол турнирі. Турнирге UEFA құрамындағы рейтингі төмен чемпионат командалары қатысады. Әрбір елдің чемпионы бұрынғысынша Чемпиондар лигасында бақ сынайды. Ал 2-3 орын алған клубтар және Кубок иегерлері Еуропа лигасына емес, Конференциялар лигасында доп тебеді.
Айта кетсек, бүгін аталған турнирде сырт алаңда Қостанайдың «Тобылы» Хорватияның «Хайдук», Қарағандының «Шахтері» Румынияның ФКСБ ( бұрынғы атауы «Стяуа») клубтарымен шеберлік байқасады.