09 қыр, 2021 сағат 14:43

УЕФА Қазақстан құрамасының футболшысына қатысты іс қозғады


УЕФА қостанайлық «Тобыл» футбол клубының ойыншысы Руслан Валиуллинге допингке қарсы ережені бұзды деген айып тақты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Отандық футболдағы допинг дауына қатысты мәліметті Қазақстан футбол федерациясы растады. 

«Руслан Валиуллин ұшыраған допинг дауының Қазақстан футбол құрамасына қатысы жоқ, ол «Тобылдың» ойыншысы және оқиға Украинамен ойынға дейін болған. Одан әрі қалай болатыны әзірге белгісіз, УЕФА-ның шешімін күтеміз. Мүмкін бір ай, мүмкін одан да көп», - деді Қазақстан футбол федерациясы баспасөз қызметінің жетекшісі Ермұхамед Мәулен. 

Аталған мәселеге қатысты «Тобыл» футбол клубы да ресми түсініктеме берді. 

«Тобыл» футбол клубы Руслан Валиуллиннің допингке қарсы ережелерді бұзу ықтималдығына байланысты УЕФА тарапынан тәртіптік іс қозғалғаны туралы ақпарат алды. Барлық ақпарат клуб ішіндегі құзыретті мамандарға жеткізілді, қазіргі уақытта тыйым салынған заттар футболшы қанына қалай енгенін анықтау үшін ішкі тексеру жүргізіліп жатыр», - делінген ресми ақпаратта. 

Хабарламада айтылғандай, Руслан Валиуллин мен аталған клубтың тағы бір футболшысы Сергей Малыйдан допинг сынамасы «Жилина» – «Тобыл» матчынан кейін алынған. 

«Сынақ нәтижесі футболшының жеке поштасына 2 қыркүйекте жіберілді. Ол уақытта футболшы Қазақстан құрамасымен бірге Финляндияға аттанған болатын. Бүгінде клуб осы істі мұқият зерттеу мақсатында Қазақстан футбол федерациясының заңды органдарымен үнемі байланыста екенін жеткізеді», - деп түйінделген хабарлама. 

Еске салайық, Валиуллин 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында 1 қыркүйекте "Астана-Аренада" өткен Украинаға қарсы матчтің басты қаһарманы болған. Ойыншының дублі арқасында Қазақстан құрамасы украиндармен тең түскен - 2:2.

Ойыннан кейін футболшы дубльді жақында өмірден өткен әжесіне арнайтынын айтты.