Ұлттық тестілеу орталығының жаңа басшысы Дидар Смағұлов Фейсбук парақшасында ҰБТ басталған бірінші күннен-ақ таныс-тамырлары хабарласып, «өтініштер» айтып жатқанын жазды.
«Достар, бірінші күннен-ақ осындай пост жазғаным көңіліме жақпайды, бірақ туған-туыс, дос-жаранымның кейбірі мұнда не үшін келгенімді дұрыс түсінбеген сияқты. Мен жемқорлыққа қарсы агенттіктен жемқорлық ең көп жайлаған салалардың біріне біреуге тест тапсыруға немесе смартфон алып кіруге көмектесуге келген жоқпын. Мұндай өтініштер намысыма тиеді. Кейбіреулер телефон соғып, құттықтап, мәселені «шешіп берші» деп сұрап үлгеріп жатыр» деп жазды ол.
«Өзіміз ғой» деген сөз өтпейтінін алға тартқан Дидар Смағұлов тағы қайталанса заң бұзуды өтінгендермен байланысын үзетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, тестілеу орталығының жаңа басшысы Д.Смағұлов бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті директорының орынбасары болып қызмет еткен.