Білім және ғылым министрлігі 2016 жылғы кешенді тестілеуді қайта тапсыру нәтижелерін жариялады. Аталған шара тамыздың 19 – 21-і аралығында Қазақстанның барлық аймақтарында ұйымдастырылды. Оған ұлттық бірыңғай тестілеуде төменгі балл деңгейіне жете алмағандар, тестке мүлдем қатыспағандар, кешенді тестілеуде төменгі ұпай жинай алмағандар, сондай-ақ нәтижелері жойылған азаматтар қатысты. ҰБТ-ны қайта тапсыра алмағандар бірінші курсқа қабылданады. Алайда келесі курсқа өту үшін бәрібір тест тапсырып, ең төменге ұпай санын жинау қажет, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ресми ақпаратқа сәйкес, кешенді тестілеуді қайта тапсыруға жалпы 45025 адам өтініш білдірген болатын. Алайда нақты қатысқандардың саны – 41801. Соның 27306-сы – қазақ тілінде оқуға ниетті адамдар, 14495-сі – орыс тілінде оқуды таңдағандар.
«Тестілеу нәтижелері бойынша төменгі балл деңгейіне 23778 адам (56,884%) жете алмады. ҰБТ ережелерін бұзғаны үшін 104 талапкер тестілеуден шеттетіліп, олардың көрсеткен нәтижелері жойылды», - делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, биылдан бастап талапкерлерді моральдық-психологиялық тұрғыдан қорғап, олардың жоғары білім алу мүмкіндіктерін едәуір арттыру үшін бірқатар өзгерістер жасалған болатын. Атап айтқанда, Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеу нәтижелері бойынша ең төменгі балл деңгейінен аса алмаған талапкерлер тестілеуді ақылы негізде қайта тапсыра алады. Ал қайта тестілеу нәтижесі бойынша ең төменгі ұпай да ала алмаса, талапкер жоғары оқу орнына ақылы негізде, күндізгі оқу бөлімдеріне алғашқы академиялық кезеңнің аяғына дейін (1-курстың соңына дейін) қабылданады. Осындай шарт негізінде қабылданған азаматтар бірінші академиялық кезеңнен кейін қайта тестілеуден өтеді. Төменгі ұпай деңгейінен асса, келесі курсқа ауысады. Одан аса алмаса, оқудан шығарылады.
Ұлт порталы