Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин ҰБТ өткізуге қатысты кеңестер берді. Бұл адамның көп жиналуына байланысты менингококк инфекциясының жаңа толқыны тудырмас үшін айтылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Маусымның 20-ы мен 30-ы аралығы Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді. Шара 147 орында ұйымдастырылады. ЖОО, колледждер мен шалғай аудандардағы мектептерде арнайы аудитория бөлінеді. Осыған байланысты Білім министрлігімен алдын алу мәселесін талқылап жатырмыз. Адамдардың көп болатынын түсінеміз, сынақ ұзақтығы – 3 сағат 50 минут, ұйымдастыру жұмыстарын қоса алғанда төрт сағатқа дейін созылады. Сол себепті біз ҰБТ ұйымдастырушыларына сынақ басталмай тұрып бөлмені жақсылап желдетіп, зарарсыздандырғыш заттармен жуып-тазалауға кеңес бердік. Бұл жұмыстар кезінде терезелер ашық болғаны дұрыс", - деді Бекшин ОКҚ-дағы брифинг кезінде.
Оның сөзінше, тестілеу медициналық қызметкерлердің бақылауымен өтеді және барлық жерде дәрі-дәрмектер болады.
Сонымен бірге, Бекшин тестілеуге келетін бітірушілердің тұратын және тамақтанатын орындарына қатысты санитарлық бақылау туралы айтты.
"Мұндай шаралар менингитке шалдығудың жаңа жағдайларын болдырмауға көмектеседі деген ойдамын", - дейді ол.
Бас санитарлық дәрігер қазір Қазақстанда менингит бойынша ахуал тұрақты екенін атап өтті.
"Десек те, әлі де ем қабылдап жатқан науқастар бар. Жалпы қазір 20 адам емделуде: оның 13-і Алматыда, Алматы облысы мен Астанада үш науқас, Қарағанды облысында бір адам" – деді ол.
Сондай-ақ, өңірлік call-орталықтарда қауырт желі жұмыс істейді. Өткен тәуліктерде үш мыңнан астам қоңырау түсіп, барлығына жауап берілді, деп толықтырды Бекшин