Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев теңгенің айырбас бағамына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық банк шекарасы, дәлізі немесе басқа да бағдары жоқ өзгермелі айырбас бағамы саясатын жалғастырады. Валюта бағамы негізінен еліміздегі төлем балансы жағдайына байланысты, яғни шетел валютасының елімізге түсімі мен жылыстауының теңгерімі әсерінен қалыптасатынына сенімдіміз. Бұл сыртқы күйзелістерді азайтуға және экономикамыздың бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерін дереу түзетуге мүмкіндік береді», - деп тоқталды ҰБ басшысы «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау кезінде.
Алдын ала деректер бойынша 2018 жылдың 9 айында төлем балансының айтарлықтай жақсаруы байқалды. Өткен жылы 4,6 млрд долларды құрған ағымдағы шот тапшылығы 0,9 миллиард долларға немесе 5,4 есеге дейін төмендеді.
«2018 жылдың үшінші тоқсанында ағымдағы шот тапшылығы тек 0,1 млрд АҚШ долларын құрады, бұл соңғы жылдарғы ең жақсы көрсеткіш.
Алдағы жылдардағы ағымдағы шот тапшылығы көлемінің төмендеу үрдісі күтілуде, бұл ұлттық валюта тұрақтылығына жағымсыз факторларды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Айырбас бағамы бойынша қысқа мерзімді тәуекелдерге тоқталсақ, жаһандық қаржы нарықтарындағы белгісіздік және негізгі сауда әріптес елдерінің валюта бағамдары жағдайының нашарлауы болып қалады», - деді Д. Ақышев.
Белгілі болғандай, жылдың басынан 30 қазанға дейін валюта нарығында теңге бағамы 10,9 пайызға әлсіреді және бір АҚШ доллары үшін 368,55 теңгені құрды.
«Бұл айырбас бағам саясаты валюталық резервтерді сақтауға мүмкіндік береді. Қыркүйектің соңында Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 30 млрд АҚШ долларын, Ұлттық қордың активтері - 56,3 млрд АҚШ долларын құрады. Халықаралық резервтердің жалпы көлемі 86,3 млрд АҚШ долларына жетті», - деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, базалық ставканың жаңа деңгейі теңге активтеріне сұранысты арттырады.