Қазақстанның өзге қаласына уақытша тұру үшін барған кез келген қазақстандық міндетті түрде сол жерде тіркелуі керек. Бұл талапты орындамаған азамат 16 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейінгі аралықта айып төлейді. Бүгін Астанада ҚР ІІМ Көші-қон полициясы департаменті басшысының орынбасары Галина Сәрсенова жаңа заңның негізгі нормаларын түсіндірді. Оның айтуынша, тұрған жері бойынша тіркелу адамдардың еркін жүріп-тұруына кедергі жасамайды, ол – әлемдік тәжірибеде бар нәрсе.
Галина Сәрсенова айтқандай, уақытша тұратын жерде тіркелу Қазақстанда бұған дейін де талап етілетін. Тек ол бұрын Үкімет қаулысында көрсетілген болса, енді заңдық тұрғыда бекітілді. Ал тіркеусіз тұру мерзімі 3 айдан 1 айға қысқарды.
Қандай құжаттар керек?
Тіркелуге бұрын 8 түрлі құжат және екі сөтке уақыт қажет болса, енді ол шаруа айтарлықтай жеңілдеді – бар болғаны 4-5 құжат және 10-20 минут уақыт керек. Алайда, тіркелуші өзі болуы міндетті. Тіркелу үшін бүгінгі күні мынадай құжаттар талап етіледі:
- Үй иесінің келісімі;
- Үй иесінің жеке куәлігі;
- Тіркелушінің жеке куәлігі;
- Тіркелу үшін 227 теңге төлегені туралы түбіртек.
Сонымен қатар тіркелетін үй иесінің өзі немесе нотариус куәландырған сенімхаты қажет. Жаңа мәліметтер жеке куәліктің чипына енгізіледі және бірден жеке тұлғалардың мемлекеттік мәліметтер базасына түседі.
Тіркелушінің және үй иесінің электронды сандық қолы болған жағдайда ол арқылы азаматты электронды үкімет порталында арқылы тіркеуге болады.
Басқа қалаға ұзақ уақытқа емделуге немесе, ауруханаға жату үшін барған азаматтар да сол жерде тіркелуі тиіс. Ал басқа қалада жұмыс істейтін, бірақ қонақүйде тұратын адамдар қонақүйде тіркелуіне болады.
Нақты тұрғылықты орны бойынша тіркелуге мүмкіндік болмаған жағдайда жұмыс орны немесе оқу орны бойынша тіркелуге болады.
Бір пәтерде қанша адамды тіркеуге қоюға болады?
Санитарлық талаптар бойынша, пәтерде әр тіркелушінің кемінде 15 шаршы метр тұрғын жері болуы керек. Әзірге бұл норма Алматыда енгізілген. Болашақта елдің барлық аймақтарында осындай талаптар қабылданатын болады. Тіркелген әр адамға пәтерден қаншалық тұрғын орын берілу керектігі әр аймақта әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Алматыда 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерде төрт адамнан артық тіркеуге алуға болмайды.
«Сыбайластық мәселесі маңызды сұрақ. Біздің қатарымызда қолы таза емес адамдар болуы мүмкін. Бірақ қайта-қайта пара бергенше, бір рет 200 теңге төлеп тіркелген тиімді. Немесе сыбайластыққа жол бермеу үшін үйде интернет арқылы тіркелуге болады» деді Сəрсенова ханым. Ол үшін жоғарыда айтылған электронды сандық қол қажет.
Айыппұлдар қандай?
Енді заң талаптары бұзылған жағдайда салынатын айыппұлдар туралы. Уақытша тұрып жатқан жерінде бір айдан аса уақыт тіркеусіз тұрғаны үшін 7 АЕК, яғни 16 мың теңге айыппұл салынады. Екінші тексеру кезінде заңбұзушылық анықталса, айыппұл 13 АЕК, яғни 29 500 теңге болады.
Пәтершілерді тіркеуге қоймаған пәтер иелері 10 АЕК, яғни 22 600 теңге айыппұл төлейді. Олар жеке тұлға емес, шағын кәсіпкерлік фирмасы болса айыппұл көлемі 15 АЕК немесе 34 000 теңге, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері болса – 50 АЕК көрсеткіш, яғни 113 500 теңге.
Заң күшіне енгенмен, айыппұл салу әлі де көптеген құжаттардың қабылдануын талап етеді. Сондықтан уақытша тіркеусіз азаматтарды анықтау ісі 2017 жылдың 1 ақпанында, ал айыппұл салу 7 ақпанда басталады.
Ержан Әбдіраман, "Егемен Қазақстан" газеті