26 шіл, 2025 сағат 12:35

ТЖМ құтқарушылары жоғалған тікұшақтың бөлшектерін тапты


Фото: ТЖМ


 ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Отар елді мекені аумағында байланыс үзілген Әуе қорғаныс күштерінің тікұшағына қатысты оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша іздестіру-құтқару жұмыстарын тәулік бойы жалғастыруда.


Төтенше жағдайлар министрлігінің Командалық орталығында жүргізілген ғарыштық мониторинг барысында Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінің акваториясында майлы дақтың болуы мүмкін екендігі анықталды.


- ТЖМ құтқарушылар тобы шұғыл түрде аталған аймаққа шықты. Іздеу жұмыстары түнгі уақытта да жалғасты. Жұмыс барысында Қорғаныс министрлігіне тиесілі болуы мүмкін әуе кемесінің фрагменттері табылды, - делінген ақпаратта.


Оқиға орнында ТЖМ құтқарушылары жұмыс істеуде. Эхолоттар, ұшқышсыз ұшу аппараттары және суасты дрондары сияқты арнайы жабдықтар пайдаланылуда.


Іздестіру-құтқару жұмыстарына жеке құрамнан 200-ге жуық адам, 40 бірлік техника, 15 су көлігі, 4 кинологиялық есептоп және 2 ТЖМ әуе кемесі тартылған.


Айта кетейік, бұған дейін Отар маңында тікұшақты іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланған.