26 жел, 2023 сағат 17:34

Тыйым салу арқылы ештеңені шеше алмаймыз - Балаева «Слова пацана» сериалы жайлы

Фото: Сенат баспасөз қызметі

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ресейлік «Слова пацана» сериалына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Бұл фильм өте қызу талқыланды. Алуан түрлі пікір бар. Біреулері фильм зорлық-зомбылықты насихаттайды десе, енді біреулер адамдардың психикасына теріс әсер ететіндігін айтады. Фильмді көрген жоқпын, сондықтан мазмұны жайлы айта алмаймын. Әрине, ІІМ-ге жібердік. Дегенмен, бүгінде біз ешқандай заң бұзушылық болған жоқ деп айқындадық», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, туынды қазақстандық шындықты паш етпейді.

«Сериалдың біздің жастарымызбен ортақ ештеңесі жоқ. Жастарымызда лудоманиямен, есірткіге тәуелділікпен, мәдениетсіздікпен байланысты проблема бар. Сондықтан Мемлекет басшысы әр сөз сөйлеуінде Қазақстан азаматтары мен жастарымыз өзінің дәстүрін сақтауы, еңбек етуі, өзін дамытуға тырысуы тиіс екендігін айтып келеді. Меніңше, тыйым салу арқылы ештеңені шеше алмаймыз. Өйткені, фильмге тыйым салу туралы ұсыныс берілгеннің өзінде ақпараттық технологиялар заманында оны жасау мүмкін емес», - деді Аида Балаева.