Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, көрнекті ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының "Бесінші маусым жұпары" атты жаңа кітабы жарық көрді.
Белгілі қаламгердің жаңа жинағына өлеңдері мен толғаулары, балладалары мен поэмалары енген.
Жаңа кітап - Табиғат-Ананың тылсым күштерінің, қоғамдық құбылыстардың һәм тарих тағылымдарының алуан сыр-сипаттары мен адам жан дүниесінің де құпияларын танып-білуге ынтық оқырмандарды парасатты ой, сұлу сезім қуатымен баурап аларлық поэтикалық-философиялық тосын шешімдерімен құнды.
Кітап "Атамұра" баспасынан 500 данамен жарық көрген.
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы - өткен ғасырдың соңғы ширегінде қазақ поэзиясына ерекше үнімен, өзіндік бояуын ала келген санаулы таланттардың бірі. Ауылда, жайлауда жүріп үлкен әдебиет майданына үн қосқан ақын. Оның өмір құбылыстары, жаратылыс құпиялары, адам бойындағы тылсым сырлар, ұлттың өткені мен келешегі туралы оқыс ойлары оқырман арасында қызу пікірталасқа түсіп жатады. Ақын өз туындыларында табиғат құбылыстарының астарын ашып, айнала дүниемен салыстыра отырып, әрі айқын, әрі образды түрде жырлай біледі. Тіршіліктің әр құбылысына ақындық асқақ сезіммен қарайды. Айналадағы құбылысқа жай ғана тебіреніп қоймайды, сол құбылысты өмірмен, адамның жан-дүниесімен ұштастырады. Ойды, сезімді жалаңаштамай, поэзияға тән ақындық тілмен образды түрде бейнелеп отырады.
Айта кетсек, бұған дейін ақынның "Ақшам хаттар" (1990), "Ырауан" (2000) атты жыр жинақтары жарық көрген болатын. Сондай-ақ, 2001 жылы "Елорда" баспасынан "Қас Сақ Аңқымасы" атты философиялық еңбегі шыққан.
Ұлт порталы ұжымы Тыныштықбек Әбдікәкімұлын құттықтай отырып, шығармашылық табыстар тілейді! Қазақ әдебиеті қорына қосылған жаңа туындының шығармашылық ғұмыры ұзақ болсын!