20 шіл, 2017 сағат 13:27

"Мен Сізге жыр арнадым Тыныштықбек..."

Бүгін қазақтың аяулы ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімұлының туған күні. Сөзсіз, Тыныштықбек ақын - қазақ поэзиясына жаңа леп әкелген, өзіндік жолымен келген ерекше дарын.

Атаулы датаға орай Әбдікәкімұлына арналған өлеңдер топтамасын жинаған едік.

Тыныштықбекке

Мұртымыз көкке шаншылып,
Таусылып,
Өзек ашылып,
Сөйлейікші бір!
Тәңірге ғана бас иіп,
Дөйлейікші – дүр!

Жерге кеп шаншылмасын мұрт өмірі,
Ұлтыңның бұлттан да әрі жүр көңілі.
Алаштың өзі – жерде,
Тәңірі – көкте,
Арада — өзіңді ерткен Құлтегіні!

Өр жаққа өру де – сын,
Өлу де – сын,
Бекзат Ұл – Шаңырақтың төріндесің.
Көктегі Тәңіріден басқа түк те
Құрттай боп көзімізге көрінбесін.

Шіриді бұ дүние жоқ та құны,
Шірімес не бар дейсің оттан ұлы.
Мүңкімей,
Аңқылдап бір лебіз айттық,
Естіп тұр оны да анау Көк Тәңірі.

Ғаламзат – түркіге жат,
Пауэері де*,
Адамзат арбалмай тұр мәуеліге.
Сол құрттың салып кеткен бар думаны,
Қорқыттың жетпейді бір әуеніне!

Аспаннан Күн ауғанда,
Ай қарасын –
Ақ сүттей жарық қылып айналасын.
Ашқанда, аузымыздан Күн көрініп,
Алашты аппақ сәуле аймаласын.

Ғұн едік Күннен туған өзіміз де,
Естілген Көк Тәңірдің сөзі бізге.
Күнікей Қыздан басқа Күн астынан,
Тірі жан көрінбей тұр көзімізге.

Табанды тіліп қалың ақ шағылы,
Арбайды Алла Нұры, 
Бақша Жыры.
...Үдіре көшіп бастан Түн Дәуірі,
Мінекей, келді Күннің Патшалығы.

Мұртымыз Көкке шаншылып –
Жерге емес,
Құрайық елде— кеңес, белде— кеңес.
Қазтуған,
Ақтамберлі,
Дулатқа да,
Тәңірі мұндай күнді берген емес!
________________________________
Пауэр*—шет елдік компания

Серік Ақсұңқарұлы

Ағаға жазған хаттардан 
Тыныштыбек Әбдікәкімге 

Қара Ертіс қара өлеңнің арнасындай, 
Шыңғыстау — поэзия Парнасындай. 
Пірлі Абай мөр ғып өзі басып кеткен — 
Судағы Ай Пегасыңның таңбасындай. 
Қиялмен сол өлкенің ішіне енем, 
Кіреді өзің болып түсіме өлең. 
Құс жолын ақ жұлдыз боп кесіп өтіп, 
Жыр-даусың миға ұрады кісінеген. 
Қайран дос, қайран ақын, қайран бауыр! — 
Құйындап өткені ме сайран дәуір?.. 
Мен жүрмін "екі тепкі, бір қамшымен", 
Арқасы жыр-тұғырдың ойдан жауыр. 
Қонысым Маңғыстау ма — мың қыстау ма? 
Өрісім жетер ме екен Шыңғыстауға... 
Маған да керек еді бір көк мойнақ, 
Шығынған шығандағы үнді ұстауға. 
Жайылар саған қашан дос құшағым? — 
Көлкілдеп көз алдымнан көшті сағым... 
Күмбезін шал Абайдың көрген кезде, 
Тасынан бала адайдың естіші Әнін... 
Тағы да мамыр маздап, түрленді шық, 
Шыққа ұя салды жұлдыз түннен түсіп... 
Қиян шет — Маңғыстау мен Шыңғыстауды 
Жататын күн туар ма жырмен құшып?! 
...Көктемнің бүрлерге ұшып көк жалыны, 
Көбелек үрлейді шоқ гүлдерге ұшып. 
Аялап жел саусағы шыбықты өскен, 
Сәуле боп тоң мен мұзды үміт тескен. 
Кетеді табысатын күнді аңсатып — 
Бөрі бұлт тас төбемнен ұлып көшкен. 
Қалса да жырақта үнім естімес сен, 
Шығарар мен емеспін ескіні естен. 
Қара бұлт табысқанда, 
Шатыр етіп 
Жасындар бұлт ішінде кескілескен. — 
Сезімдей қауыштырған досты доспен... 
Аспанға көз сүзген мен — кедей ғашық — 
Еңсемді езген кезде көп ой басып, 
Санамды шұрайласа өгей кәсіп, — 
Есенин емексіген Персиядай, 
Келеді кеткім кейде Семейге асып. 
Көз алдым көшкен сағым — дәйім ісік. — 
Қанатын қаздар кетті жайып ұшып. 
...Аға-дос, шөл басатын хат жаза сал, 
Алған соң Шағаныңның шәйін ішіп!.. 

2-өлең 

Тамырдан тамшылаған жырдың сөлі— 
Туыспыз біз екеуміз — білдім соны. 
Жыртылған жырым-жырым кітабың бар, 
Басыма жастап оқып жүрмін сені. 

Ақ қағаз — дақ түспеген сонарға әркім 
Із салды — 
Сенін де ертең қалар даңқың. 
Сәл ғана айырмамыз екеуміздің — 
Жырымның аңқаулығы болар, бәлкім... 
Еркелеп ай білегі шыңға асылса, 
Жолықтық Абдолла мен дүр Қасымша. 
Өлеңнің майданында өртке орандық, 
Кім аршыр жүзімізді күл жасырса?! 
Өмірдің өртену ме — басты мәні? — 
Көмейге өртсіз уақыт тас тығады. 
Жастықтың бояуының сиқыры өшіп, 
Албырт жыр, 
Асау арын бастығады. 
"Көңілде көл жасамай тамшыменен", 
Бітелген жырдың көзін аршып өлем — 
Жоқтасын күлге айналған тағдырларды, 
Өртеңге өніп шыққан алшын-өлең!... 

1994 ж.

Светқали Нұржан

***

Ертістің арғы жағы ескі Семей,
Менің бұл жырымды оқып, естісе ғой...
Қуанып, әлде налып айтар ма еді,
«Е, бәсе, ақымаққа кеш түседі ой...»

Жататын көне көпір құшып арай,
Өтуші ем еш қатерге ұшырамай.
Мен кеше тәтті ұйқыдан тұрдым атып,
«...Кетіпті ескерткіштен түсіп Абай?!

Қай ісін көрмеді екен дұрыс, құп деп,
Қара шал қазаққа жат қылықты істеп.
Тұғырдан қарғып түсіп кетіп қапты,
Жүр екен іздеп жалғыз Тыныштықбек...»

Түнгі түс тыным бермей тегі, жанға,
Түбі бір шығарады-ау мені жолға.
...Жақсыға жори ма деп айтып едім,
«Садақа, садақа бер!» деді молда.

Қалмаханбет Мұқаметқали

Семейге хат

Амансыз ба, Семейдегі қымбаттым? 
Арамызда жатыр әне қара түн. 
Менікі сол – жеңілдету жұмбақты, 
Сіздікі сол – жаңа әлемдер жарату. 

Біздікі сол – көзбен көктен түн ішу, 
Сағыну бар өзіңізді, аңсау да. 
Тіршіліктің тіреліп тұр қылышы, 
Уақытым жоқ шаршауға. 

Сол баяғы, шылым шегу. Төселгем. 
Сол балконда тағы отыру қамалып. 
Керуен-керуен серуен құру көшеде, 
Емес бүгін жаңалық. 

Ал Сіз бүгін?.. Білем, білем, мыңдаған 
Терезеден кроссворд шешіп тұрсыз ғой. 
Түпсіз жанар түкпірінде мұң ғана, 
Ми ішінде жаңғырады үнсіз ой... 

Кей түндегі жүрістерден жалығып, 
Менікі сол – өз-өзіммен достасу. 
Сізге қазір ұшсам, шіркін, малынып 
Тұмандарға жап-жасыл! 

Сіздікі сол – «маңдайдан нұр тарату», 
Менікі сол – сәуле іздеу Аспаннан. 
Жатыр әне арамызда қара түн, 
Мың жыл бұрын басталған...

Ақберен Елгезек

Тыныштықбекке тарту немесе Сегізінші сезімнің сыры

Ақын деген – қанатсыз періште ғой,
Сорлы жерде ұша алмай қалып қойған...
Аңқылдатып Миымды келіскен Ой,
Жарық шашты Мыңжылдық Зарық бойдан!

Тегін Өлең – Жел Сөзден Қош бұрқырап,
Тіл ұшынан аңқып тұр Төкпешілік.
Көз алдымда Ғажайып Көш құлпырад –
Көркем басы Тәңірлік Көкке сіңіп.

Жалқындана оянып Тылсым Ішкі,
Жүрегіме құйылар Жыр Жұпары.
Түн де Менің Жанымнан Күрсін ішті,
Күн де Менің Жанымнан Нұр жұтады.

Күреңіткен тірлік қой Өңдегі бұл,
Түсімде де қолдайды Хақ Тағалам.
Ақыр-соңы тіреліп Көрге Ғұмыр,
Пәрмен жетсе – тек Аспан жаққа барам...

Бағзы мұңды бейуақ қозғап-қозғап,
Бабаураған күй тартар Қобыз-Дала.
Шер тарқатып тынады боздап Боздақ,
Түзгі Жолдың тоғысы – Тоғыз ғана!

Болашақты болжаған Жас Пері – Мен
Шын Шайырдың Қайғысын сан ұғамын.
Аузы түкті Кәуірдің Ғаскерінен –
Кетпесе екен шайқалып Шаңырағым!

Жарқыратып бақ қонған Маңдайымды,
Кәлиманы қайыра күбір еттім:
Кеш зайырлы болсын деп, Таң – қайырлы,
Шапағатын тіледім Құдыреттің.

Рухымда Жебенің Таңбасы бар,
Оны басқан – Жұмақтың Елшілері.
Ешкім емес – Жаратқан Жарға сыңар,
Ақ Сарбаз-ау, тезірек келші бері!!..
...Маған Ес керек!!!

Асылбек Жаңбырбай

Тыныштықбек көкеме
(Семейдің әуенімен)

Айдалада ақ қасқыр, опақ-сопақ,
Ақ сиырдан туады жирен айғыр,
Аспанда ителгі құс пішен жейді,
Арық тоқты шұлғиды тоң қатқанда.
Қиясбай

Жатқанда Қара Ертіске қасқыр құсып,
Мен саған жыр арнадым Мәшһүр Жүсіп...
Дауыл Бірлет

Жатқанда ел, суға түсіп күн ыстық деп,
Мен Сізге жыр арнадым Тыныштықбек!
Сексен жеті елу үшке аға болған,
Қазақта неше түрлі туыстық көп!

Сақсырын ышқырланған қылыш бүктеп,
Мен Сізге жыр арнадым Тыныштықбек.
«Шаганэ емес,
Шағанның күйеуі» деп,
Жадырамен дауластым, ұрыстық кеп!

«Аузымен алтын аптап, күміс күптеп»,
Мен Сізге жыр арнадым Тыныштықбек.
Болсыншы үйіңізде ырыс, құт көп,
Ойымды аяқтайын дұрыс қып, дөп!
Тырыстық кеп...

Мирас Асан

***

Өлең аңқып қос бірдей қанатыңнан,
Самға қыран еңселі, сан ақылдан.
Қуаты кем дауылға дүнияуи,
Құбылыссың кереғар жаратылған.

Өр сұсыңның асқақтап нарқы міне,
Сес көрсетіп тұр өмір тəртібіне.
Секемі көп сенімнің сеңін бұзып,
Ауандарын аудардың ар тіліне.

Жаулағанда жат дауыс тынысты үптеп,
Халқың сені қарсы алды "ырыс-құт"; деп.
Тынышын ал əлемнің тыным таппай,
Тынышсыз - Тыныштықбек!

20.07.17 ж.

Жəлел Қуандықұлы

Ең алғаш танысу 

(Тыныштықбекке)

Құтқар одан өзіңді, құтқар айды- 
Сол бір сəтті өзіме-" тым ыстық "- деппін? 
Бірінші жақтың жекеше түрі өзінің ақымақ басын тықпалайды,- 
" Мен - Тыныштықбекпін "— 

Деген сөз- алғашында танысқанда... 
Өлең оның - мұрыны, беті - қолы. 
Əжімдері - өзен ағып жатқандай алыс маңда, 
Екі қасы - өлеңнің екі жолы. 

Енді теңеу айтуға болады не түрлі, 
Сөзіме алады, бірақта, кім сене?.. 
Оның түрі - сіздің өміріңізге қызығатын дəрігер секілді, 
Науқас екеніңізді білсе де. 

Деуге де болады, қоңыр түстің ең - қоңыр , тым-ы- ы ?.. 
Түсіне алмайды бұл күйді, еш пенде - ей!.. 
Мысалға алатын болсақ оның түрі: - 
Шолақ қолды адам көзəйнегін шешкендей 

Жаз ба еді, білмеймін, Күз бе еді, 
(Жоғалып кетердей жалғаннан көзі құр) 
Мен оны кіші бөлшекті үлкенге тартатын магниттей іздедім, 
Өлеңдерінде - ол емес - өмірдің өз тұр! - 

Өйткені. 
Тағы да жетпей тұр ортаға шапалақ, 
Сол жылдан өзіме - өзім мен қайтқан боп... 
Бұл - мəңгілік тек тілмен сақталған - махаббат! 
Біз көөп сөйлестік:ол маған - ештеңе айтқан жоқ. 

Əділет Шопен

Топтастырған: Ұлт порталы