Жол мұраты – жету. Ал діттеген жеріңе шаршамай, қиындықсыз баруға жол бойындағы сервистік қызметтер мен инфрақұрылымдық нысандардың талапқа сай болуы зор маңызға ие. Бұл жөнінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіндегі жол құрылысының барысымен танысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.
«Елдің өркендеп, кемелденгенін білгің келсе, жолына қара» деген сөз бекер айтылмаған. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынастары айрықша мәнге ие. Ерте кездерде жеріміздегі ірі қалалардың көбісі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен. Қазіргі таңда қайнаған тіршіліктер осындай күре жолдардың бойында шоғырланған. Жолдар шын мәнісінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Сондықтан жол бойындағы инфроқұрылымдық нысандарды халықаралық талапқа сай етіп салуымыз керек. Сонда өңірімізге туристер көбейетін болады», - деді аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ әкім, бірнеше мың шақырымды артқа тастап шығатын жолаушылар үшін ыңғайлы болу мақсатында аталған жол бойына бекеттер салуды тапсырды. Яғни, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолында болашақта жанармай құятын бекеттер мен дүкендер, асханалар, тіпті шағын мотельдер де бой көтеретін болады.
Бірқатар учаскелерінде пайда болған ақауларға байланысты жолдың бір жақ бөлігі жабылып, екінші жағында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары тиісті дәрежеде атқарылмау салдарынан құрылыс-монтаждау жұмыстары белгіленген уақытта аяқталмай созылып жататынын сынға алған облыс әкімі бұл жағдай, жол-көлік оқиғаларының артып, адамдардың мезгілсіз қаза болуына себеп болып жатқандығын жеткізді. Тиісті сала жетекшілеріне мердігер мекемелермен жұмысты күшейтуді жүктеді.
Халықаралық маңыздағы жолдардың біршама бөлігінің сапасыз не болмаса жолаушылар үшін ыңғайсыз жасалғанына тоқталған Ж.Түймебаев шетелдік мердігер мекемелердің басшыларына жолды ретке келтіру жұмыстарын 1 қыркүйектен кешіктірмеуді тапсырды.
Айта кетейік, халықаралық көлік дәлізі Оңтүстік өңіріндегі барлық елді мекендердің 70 пайызын кесіп өтеді. Облыс бойынша республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 837 шақырымды құрайды, оның ішінде «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» транзиттік дәлізі құрылысы үш бағытта 420 шақырымды алып жатыр.