Енді «Қазпошта» тұтынушылары талап-тілектері мен компания қызметіне қатысты барлық сұрақтарына Qpost чат-боты арқылы жауап ала алады.
Бүгінгі таңда «Қазпоштаның» арнайы сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында чат-бот жұмысы іске қосылған. Нақтырақ айтқанда, қазірден бастап виртуалды қызметті post.kz сайтынан немесе Facebook-тағы ресми парақша арқылы алуға болады. Ал, 28 тамыздан бастап бұл онлайн қызмет түрі Telegram каналда да іске қосылатын болады.
Осы уақытқа дейін компания тұтынушыларының барлық сұрақтары мен арыздары сегіз байланыс каналы арқылы алынған. Сәйкесінше, тұтынушылармен байланыс жасау және жауап беру біршама уақытты қажет ететін. Ал, жаңа онлайн қызмет арқылы өтініштер тек бір кіріс каналы арқылы жеткізілетін болады. Сондай-ақ, канал жұмысының қызметін чат-боттан бөлек Сапа қызметі мамандары бақылап, тұтынушыларға шұғыл көмектесе алады. Егер чат-бот тұтынушы мәселесіне қатысты сұраққа жауап бере алмаса, байланыс орталығы операторына қосады.
Компанияның виртуалды көмекшісін пайдалану арқылы сәлемдемелердің жеткізілуін, орналасқан мекенжайын, тарифтер туралы нақты ақпаратты және пошта қызметін алуға байланысты барлық мәселелер бойынша кеңес алуға болады.
Айта кетейік, елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында барлық жетекші салаларды цифрландыру үдерісі жүзеге асуда. Осы орайда, бүгінгі күнге дейін «Қазпошта» қызметін цифрландыру барысында 800 мың адам цифрлық біліктілігін арттырып, 90 000-нан астам қазақстандық цифрлық кеңселердің қызметін тұтынған. Сонымен қатар, цифрландыру аясында серіктестік бөлімшелер желісі, сәлемдемелерді жедел жеткізетін ұшқышсыз ұшу аппараттары, электронды қызметтердің бірнеше түрі енгізілген.