ШҚО әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің,
Семей қаласы әкімі Ермак Бидахметұлы Сәлімовтің
назарына!
Бүгін Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші-композитор Тұрсынғазы Рахимовтың туған күні. Белгілі өнер майталманы арамызда болса 67 жасқа толар еді.
Бүгінде Әміре Қашаубаев атындағы Семей Мемлекеттік филармониясының директоры Адай Зейнолдаұлы Азаматовтың жеке бастамасымен Тұрсынғазы Рахимовтың ескерткіші дайын болды. Алайда бұл өнер туындысының Семей қаласының қай жеріне қойылатыны әлі күнге белгісіз.
"Тұрсынғазы ағамыздың досы Адай Зейнолдаұлы Азаматовтың бастамасымен ескерткіш те дайын болды, енді орнататын жер жағдайы қарастырылуда. Бұйыра, "Тұрсынғазы Раxимов" көшесімен келе жатырмын деген сөзді де естисіздер", - дейді Қазақстан Жазушылар одағының Семей қалалық филиалы Төрағасы Мерей Қартов.
Кейбір ұсыныстарды ескерсек, аталмыш ескерткіш Орталық әмбебап дүкеннің (ЦУМ) не Саз колледжінің алдына болмаса Жағалауға қойылуы мүмкін. Ал, Мерей Қартов болса "өзі ылғи жүретін Шәкәрім саябағына қойылса" деген арманы бар екенін жасырмады.
"Өте жақсы жасалған ескерткіш екен. Мен ескерткіш қойылатын орын мұқият таңдалса екен дегенді айтқым келеді. Əлихан ескерткішіндей бір бұрышқа тығып тастамаса екен. Жағалаудағы Ғ.Тоқай ескерткішін қараңыздаршы, кішкене ғана бюст үлкен кешендей əсер етеді", - дейді Серікбек Айшолпанов.
Ең маңыздысы, бірегей талант, барша алаш жұртының мақтанышы Тұрсынғазы Рахимов ескерткішіне лайықты бір орынның табылғаны абзал. Бұл істі Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Семей қалалық әкімшілік өз бақылауына алады деген сенімдеміз.
Айта кетсек, әнші, композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Тұрсынғазы Рахимов өткен жылы 65 жасқа қараған шағында дүние салған болатын. Ол 1951 жыл Аягөз ауданында дүниеге келген. 1994 жылы «Сәби болғым келеді» атты әндер жинағы шыққан. Мұқағали Мақатаевтың «Дариға, домбырамды берші маған», «Отыздан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Санаулы күн, санаулы ай, санаулы жыл», «Сәби болғым келеді» атты танымал өлеңдеріне әуенге айналдырған композитордың жүзге тарта әні қалды.
Жаннұр Болатова