«Дүние – жалған» элегия жоқтауы бас-алты жасында Дегелең атом сынақ полигонының өзінде тұрған, соның зардабынан 1979 жылы 23 қарашада жиырма екі жасында, ұлттық университеттің үшінші курсында ақ қаннан қайтыс болған Төлеу Құдакелдіқызына арналған. «Өркен» газетінде жарияланған. «Жұмыр жер – жүрегімде» атты жинаққа енген. Автордың «Жер – бесік», «Қар астындағы көбелек», «Бір уыс жусан», «Болашақтың бәйтерегі» деген прозалық туындыларында да автордың қарындасы Төлеудің мұңлы тағдыры суреттелген.
Семей полигоны қасіретіне арналған Цикл өлеңдер
Қабағыңның үсті аздап қабарып, Жапон шалы нені ойлап келесің. Адам тәні ақ қояндай ағарып, Ақ қан жайлап денесін. Ажалдарын жылдам күтіп жалынған, Аралдардың ыңырсуын сездің бе. Мықтап ұстап атомдардың жалынан, Құтырынған кезінде. Сеніңдағы лашығыңды қопарып, Хиросима қалалары қаңсыған. Зұлымдықтың түтініне қақалып, Жүрегіңнің құяңы ұстап, шаншыған. Шіріп бітті, балық түсер бар ауың, Қиылған соң қимас ұлың, қыршынын. Аспанға көп үрейлене қарауың, Арылтама азапты жан қырсығын. Қабағыңда қайғы қатып жатпасын, Бірақ рет күлші тіпті түсіңде. Сенің жаның қасіретті тартпасын, Менің жаным қайыспауы үшін де!1970 ДҮНИЕ-ЖАЛҒАН Элегия Төлеуге Үсіді нәзік есімдік... Дүние, шіркін, жалған-ай, Жалғаннан көңіл қалғаны-ай! Көгеріп келіп өмірге, Көміліп кеткен арман-ай! Опасыз, пәни жалғаны-ай! Қойылды сұсты құлып тас, Қызғалдақ қаулар шалғынға. Топырақ сені жылытпас, Тоңазып тәнің, қалдың ба. Ел жақтан ессе жылы леп, Есіңе мені алдың ба? Тарылса дүние-кеңістік, Қажеті қанша төрдің де. Жалғанда, жалғыз пендеге, Топырақ дейді ең ыстық, Уыстап, жаным, көрдің бе. Уыстап тұрып күрсініп, Өлгенге, жаным сендің бе. Сендің бе, жаным, сезініп, Сезініп және сезе алмай: Жүрегің еріп, езіліп, Өлгенге, жаным, төзе алмай. Қараңғы, қапас моладан, Безініп және безе алмай, Қиналған сәтте, құлыным, Буының тартып, құрыстап. Мен салған шымшым топырақты, Саусақтарыңмен уыстап, Шымырлап бойың кетті ме, Жүрегімнің жылуы, Топырақ арқылы жетті ме? Жетті ме, жаным, сездің бе, Келгенін тылсым кездің де. Тұрақсыз күннен түңіліп, Тірліктен ауыр бездің бе. Ағаңның мұңлы жүрегін, Қайғымен ауыр ездің бе. Іздеймін, мен де зарығам, Зарығам, жаным, сағынам. Күлкіңді сенің естірт деп, Жалғанға жалғыз жалынам. Тағдырдан күтіп төлеуін, Жабығам, жаным, жабығам, Жалғаннан, мынау, жалығам. Бауыры суық, қара жер, Сауыры уыт, қара жер, Жалғанға, мынау, симаған, Жалғанға мынау, қимаған, Тынысым, тірлік қызығым, Жанарым, жүрек қызуым Ертеңім, шуақ таңымды, Қаным менен жанымды, Дегендей зарлап, аһ ұрсын, Сұп-суық саусақтарыңмен, Құшақтап қалай жатырсың?! Дүние, шіркін, жалған-ай, Жалғаннан көңіл қалғаны-ай! Көгеріп келіп өмірге, Көміліп кеткен арман-ай! Жалғанды жалған нетерміз, Жалғанға, сірә, жетер ме ой. Жалған боп бізде кетерміз, Жалғанда жарық дүниенің, Бәрі де жалған екен ғой. І. Кеңістік пен терезе Кеңістік – өмір! Алмасып заман, ай өткен, Дүние-жалған, жүрекке қанша қайғы еккен. Шараңа сыймас шарасыз мынау дүниеде, Кеңістік пен кейістіктің арасы, Жалған менен жалғандықтың арасы, Бөлінеді екен әйнекпен! Бір тамшы сәуле кірпікке қонса үлбіреп, Бір ғұмыр үшін шуағын төксе соңғы рет. Жанарға тұнған тұп-тұнық жалғыз тамшыдай, Терезенің аржағындағы – тіршілік, Тұрады екен мөлдіреп, Тұрады екен мөлдіреп. Күн мен түнді бөлудің өзі бекер ғой, Өмір мен өлім тамырлас ұғым екен ғой. Қарама-қайшы қозғалыс толқындарында, Мәңгілік пен бақилықтың белгісі Шексіздік пен шектелудің белгісі, Тек терезе екен ғой... Тербетсін ғалам, топырақ бесік – Жер сені, Көлеңке-күнгей! Көтертпей мұңлы еңсені: Шұғылалы шуақ күңгірттеу тартқан шағында, Барлық пен жоқты ойласаң, Терезе екен өлшемі. Солды ғой өмір! Арманда пенде, арманда, Қарайды сұлық, жап-жарық сәуле – Жалғанға. Тордағы құстай мұңлы саз толып жүрекке, Сайрандап жүрген дүниеге, Жайраңдап жүрген дүниеге, Терезеден телміру ғана қалған ба, Терезеден телміруді ғана жазған ба? Жанталас – жалған, Найзағай – ғұмыр шатынап, Көлеңке – көрпе жамылса барлық атырап. Күдік пен үміт... шуақ пен шыңырау арбасса... Әлде бір тықыр жеткендей, Әуенге жат бір елткендей, Терезені Шертеді шерлі жапырақ. Көбелек – өмір, қанаты талған ғарып па, Қиналды-ау, жаның, қамықпа, қарғам, тарық па!.. Терезені ашщы, терезені ашщы, ағайын, Көбелек – өмір кеңістікпенен тұтасып, Айналып кетсін жарыққа, Қамықпа, қарғам, қамық па!... Жарықсың, жаным, жарықтан күдер үзбейін, Сағыныш – сартап, сарғайған бейне күздейін, Көлеңке түссе көңілдің терезесіне, Жалғанның жабықтарынан, Сәуле боп сәулем келер деп, Кеңістіктерден іздейін, Кеңістіктерден іздейін, Іздейін, күдер үзбейін... 2. Жалған мен жалғыздық Жалған мен жалғыз... жүректі қарып сан ызғар, Елестеп көзге қызғалдақ пенен жалбыздар. Алмасты қанша, өтпелі мынау дүние, Арбасты қанша жалғанмен шерлі жалғыздар. Алмасып жатты арман мен жалбыз, Арбасып жатты Жалған мен Жалғыз. Дүние көшті, дүние көшті... Шыдамы бейне тозғандай, Жалғыздық жатыр төсекте жалғыз қозғалмай. Көшпейтін және өшпейтін нүкте табам деп, Қарайды Жалғыз терезеден көз алмай. Тұрағы бар ма тірліктің мынау дәйекті, Алмасуменен апталар жылжып, ай өтті... Түнеріп түннің қап-қара бояу төккені, Күлімдеп күннің жап-жарық бояу төккені, Жұлдызды түн де, тұтылған Ай да, бәрі де, Көрініс екен өтпелі. Солмайды дейтін солады екен жалбыз да, Ерімес дейтін ериді екен қар, мұз да. Өмірден басқа тұрақты түкте таппады, Жалғанның өзі тәуелді екен Жалғызға. Уа, дүние – жалған, Ал, өмір – арман. Қайың ең қарғам, қияға өскен жалғыз түп, Өмірге өшер – өшпейтін үміт – тамыздық. Жабықпа жаным, Жалғанда Жалғыз қалғанға, Түсіне білсең, Жалғанның өзі – Жалғыздық. Өшпесін үміт – тамыздық, Жалғанның өзі – Жалғыздық. Жалған боп кеттің, Жалғызым, Қайың ең, қырда жалғыз түп... 3. Перде мен пенде Қабырғасы көктің сөгілер, Көз жасы көктің төгілер. Көгілдір көктем егілер, Көгеріп шыққан жауһазын Жер астынан тебінер. Тоңазыған топырақтың, Қопсуынан не білер? Бұлттар да көкте сенделер, Құстар да көкте сенделер. Қызыл су қаптап, сең келер, Көмкерген жердің бейнесін, Сөгілді мұзды – перделер. Көлеңке – перде ашылып, Сергіді сері пенделер. Қара жер қардан аршылсын, Ақ перде – жалған ашылсын. Хош иіс қырға шашылсын... Бетіне түскен жарақат, Төмпешікті қайтып жасырсын. Томпайып қана бір өмір, Астында соның жатырсың. Сенделген бұлт та басылар, Перделі бұлт та ашылар. Жайым жоқ, бірақ тасынар, Пенденің жүзін бүркелеп, Топырақ – перде жасырар. Пердесін бұлттың сырсақ та, Жер – перде қайтып ашылар, Осыған жаның ашынар... Жертөлең, жаным, шымдауыт, сыз, Шуақсыз және шырақсыз. Шыдадың дертке бір-ақ күз, Жер – бесіктен басқаның, Бәрі де, қарғам, тұрақсыз. Тұрақты нәрсе қайда бар, Ағатын біз де сынаппыз, Сөнетін біз де шырақпыз... Тербетші бесік, жер – бесік, Өлең мен әуен тел есіп, Уатсын сені, жел есіп. Қайтадан жарық дүниеге, Жауһазын болып кел, өсіп. Топырақ – перде құлпырсын, Алуан-алуан гүл өсіп. Толғандай бақыт-талайым, Жанарым таймай қарайын. Ақ нұрдан алқа тағайын, Жалғанның Жалғыз сыйы деп, Аялап сені бағайын. Көз жасымменен суарсам, Сөкпессің мені, ағайын... Толтырып гүлге жер төсін, Гүлге орап жердің кеудесін, Солмасыңа енді сенгесін, Бетіңе сенің жібектей, Жабайын Жалған пердесін. Жібек – жел желпіп жатсыншы, Періште сынды пендесін... 5. Көктемде қайтқан тырналар Сен барда кеткен тырналар қайтып, Оралды тағы ән-жырын айтып. Сыңарынан айырылып қалса, Егілмей жүрек, шыдасын қайтып, Оралды тағы тырналар қайтып. Сазды әуен кернеп, сөгілді аспан, Құстар ғой, қырға бауырын басқан. Жүрсің бе көкте пендені іздеп, Өткен бір күзде жан-сырын ашқан, Сазды әуен кернеп, сөгілді аспан. Төгілді әуен, төгілді мұңлы, Естімей кетті-ау осынау үнді. Көз жасы құстың тамғанда жерге, Кірпігіңе ілініп тұрды, Естімей кетті-ау осынау үнді. Қоныңдар құстар, қанаты талған, Өткінші өмір, дүние – жалған. Қанша өмір солды өздеріңменен, Сарғайған күзде қоштасып қалған, Өткінші өмір, дүние жалған. Құстардың жолы – қатерлі сапар, Тағдырдың тезі – қашанда қатал. Кетіп ең былтыр тобыңмен ұшып, Оралдыңдар ма сиремей қатар, Тағдырдың тезі – қашанда қатал. Үрейлі дауыл, жаңбыр да, қар да, Қанаттарыңды талдырдыңдар ма. Әлде бір алыс жағалауларда, Сыңарларыңды қалдырдыңдар ма? Қанаттарыңды талдырдыңдар ма? Таранған құстар сағыммен қырда, Сусылдап көкте сабылдыңдар ма. Орамалын бұлғап шығарып салған, Қара көз қызды сағындыңдар ма, Сусылдап көкте сабылдыңдар ма. Сағындыңдар ма, киелі құсым, Айналып өтші, төбенің тұсын. Мен дағы сендей жабырқап тұрмын, Жүрегі мұңлы жанымды түсін, Сағындыңдар ма киелі құсым? Ескек жел еміп, еріді қар, мұз, Жағасы судың жусан мен жалбыз. Үйірден оқшау қанатын қомдап, Анау бір тырна тұр неге жалғыз, Ескек жел еміп, еріді қар, мұз. Қайтқанда құстар тізбек те тізбек, Солды ғой, өмір... қараша – күз кеп. Өртеніп өзек, өкінген меңдей, Тұрма екен ол да сыңарын іздеп, Солды ғой, өмір, қараша-күзі кеп. Құрсау мұз қатқан қауырсын қанат, Көңілсіз шоқып, қояды тарап. Сыңары қазір келердей ұшып, Мойынын созар аспанға қарап, Құрсау мұз қатқан қауырсын қанат. «Жалғанда мынау дүние – кезек, Қош болшы енді, айшықты мезет», – Дегендей құстар сілкіне ұшты, Қалды ғой жұтап жусанды өзек, Жалғанда мынау, дүние – кезек. Қоштастым мен де мұң-наламенен, Көктемде қайтқан тырналарменен... Сазды әуен кернеп сөгілді аспан Жетпей тұр маған бір ғана әуен, Қоштассам деп ем мұң-наламенен. Оралды тағы тырналар қайтып, Сен естімейтін ән-жырды айтып, Сен естімейтін ән-жырды айтып... 6. Елес Өмірдің суреті көп өзі өшірген, Күндіз-түні кетпейсің сен есімнен. Көз жасыммен көңілдің өртін басып, Сөйлесемін тек қана елесіңмен. Елегзимін, дөңбекшіп кейде түндей, Көзді жұмсам бір шырақ сөнетіндей. Жанарыңда нұр ойнап, күлім қағып, Есіктен бейне кіріп келетіндей. Өткенге де қараймын, кеткенге де, Шыныменен тірлігің шектелгенбе. Тұрушы едің көктемде гүл ұсынып, Көрінбедің, жаным-ау, көптен неге. Тұнжыраған бұлттан ашылар көк, О, жүрегім, жабырқап, жасыма көп. Мен күтемін, өзіңді еркелеумен, «Ағажан», – деп мойныма асылар деп. О, өмір-ай, із-түссіз өше берген, Өше берген дамылсыз көше берген. Серігімен серуендеп жүрме екен деп, Сені іздеймін бақтардан, көшелерден. Күндер өтіп барады екпіндетіп, Шарамыз жоқ істейтін өткенге түк. Ығы-жығы адамның арасында, Байқаусызда қасымнан кеттің бе өтіп. Бәрі де елес сияқты, бәрі де жат, Нұрландырмас жанымды шырын-шарап. Шыныменен өмірден суындың ба, Түсімде де тұрасың қырын қарап. Сені осынша, жүрегім, сағынарма-ай, Сағыныштан сыздаған жарылардай. Аласұрып аңсаймын дамыл алмай, Елесіңнен күндіз-түн арыла алмай. Тоздырды-ғой, төзімді небір егес, Үміт – жалған, сенім де – сенім емес. Өң мен түстің жүремін ортасында, Жүздеспеймін мен енді сенімен еш! Өмір – елес екен ғой, өмір елес!
1979-1980.
“Сенің жаның қасіретті тартпасын…” – Дегелең сынақ полигонын емеуірін етіп жазылған. «Қоңыр қаз» жинағына «Хиросима қасіреті» атты топтамаға «Жалғыз ұлы ақ қаннан зардап шеккен жапон шалы» деген атпен енген. Себебі, өзінің түпкі нұсқасында жариялау ол кезде мүмкін емес болатын. «Қазақ шалы» деген сөз «жапон шалына» өзгертілген. Түпнұсқа бойынша терілді.