15 қаз, 2016 сағат 11:35

Тұрсын Жұртбай: Қайымның абақты азаптары немесе №14 камера

Қалада туып-өскен алғашқы интеллигент


Қайым – мынау қалада өскен алғашқы қазақ зиялы ғалымы. Қалада туып, қалада өсіп, орысы бар, казагы бар, татары бар көшеде ойнап төбелессе төбелескен Қайымға дейінгі интеллигенция жоқ. Әуезов, Бөкейхан бұлардың бәрі ауылда медресе бітіріп, қалаға оқуға келген болып шығады. Ал қала мәдениеті Қайымның көше мәдениетімен, құмы көшіп, шаңы ұшқан Семейдің көше тәртібімен бірге келген.

 Қайымның балалық шағы өткен үй атақты Тінібай мешітінің 150 метр жерде әріде тұрған. Жұрт оны «Мұхамедханның көк шатыры» атаған. Оның болмыс-бітімі, ойлау жүйесі біздің ұлттық интеллигенциядан өзгеше. Тіпті біз орысша жазады дейтін Әнуар Әлімжановтың өзі ауылдан шыққан. Кейінгі Олжастар осы секілді қаланың мәдениетін бойына сіңіріп, пікір айтуға келгенде одан асқаны жоқ. Ондай тұлғалар пікір білдіруде бала жасынан ой қорытып үйреніп, пайдаланып келген. Және шындыққа қанып өскен. Қайымға өз заманында Семейдің беткеұстар ғалымдарының шәкірттері таң қалып, ерекше бағалайтын қасиеті де осындайдан шығады.

Қайымның өскен ортасы, айналасы, қоршаған қауымы – Алаштың ардагер азаматтарымен тығыз байланыста болған адамдар. Әкесі Мұхамедхан – өз ортасына ықпалды тұлға. Тіпті атақты Мағжанның өзі Мұхамедханның үйінде тұрған. Бала Қайым – ұлт көсемдері Ә. Бөкейхан мен А. Байтұрсынұлы, басқа да қайраткерлерді өз көзімен көрген, солардың алдында отырған адам. Өзіне өзі қол салу деген мода болған кезеңде, 1927 жылы ұсталғанда Шәкерімнің ұлы Ғафурмен бір түрмеде отырғанда өзіне қол жұмсайды. Сонда Мұхамедхан шақырып алып: «Әй, сен молдасың ғой, бәрін білесің. Мұныңды шариғат қостамайды ғой, неге өйтесің?» дегенде, Ғафур: «Мына жаппай ... түлек жаман келеді. Менің әкем де, шешем де, үрім-бұтақ, бала-шағам да бір адам қалмай қырылады. Мен соны көргім келмейді. Бастаған сәтте өлгім келеді, сен мен өлгенде жаназамды шығарып бер» деп жауап береді. Сонда анау жерге Мұхамедханды тұрғызып қойып, мына жерде өзі шұңқыр қазып, өзін бауыздап, қанын шашыратпай бір орынға ағызып, әлгі орға құлаған, жаназасын Мұхамедхан шығарған. Осыны маған әкем аманаттап жеткізді, осы нәрсе өзінің де басына түсетінін, Абай мен Алаш және дінге адал болуды аманат етіп тапсырыпты.

Ешқашан советті мойындамаған

 Қайым қалай өмір сүрді, өле-өлгенше совет үкіметіне қарсылық танытты. «Совет үкіметін қалай мойындаймын, құлайды бір күні, өтірікке құрылған» деген – Қайым принципі. Қаншама түрме қинаса да, шындығын айтпағаны оның жастайынан қалада өскенін, нағыз интеллигент болып қалыптасқанын танытады. Алаштың, Мағжанның алдына отырғаны бекер емес, өлеңдерін жатқа айтып, бүкіл болмыс-бітімін бойына сіңірген, Әлиханды әке деп білген ол еш уақытта да совет үкіметін мойындамаған тұлға. Бұл – басы ашық мәселе.

Ал Қайымның бүкіл өмір мақсаты, күллі жан дүниесі, көзқарасы Алашпен байланысты. Көне тарихқа барса да, бүгінгі күнгі көркем шығармаларды естіп білсе де, өлеңдерді оқыса да, Жәнібектің әнін тыңдаса да тек осы көзқараспен тыңдап баға беретін. Үйіне барған алаш ойлы азаматтарды күтуі ерекше еді. Ал совет ойлы адамдарға деген ойы тіпті басқаша. Есімде әлі: алғашқы танысқан кезімізде Әуезов отырған кресло кіреберісте сол жақта тұрушы еді. Ентігіп барып әлгі креслоға аңдаусыз отыра қалғаным сол еді, «Тұр!» деп айғай салғаны. Содан біраз жыл өткесін ғана, ұстазым жетпіске толғанда сол белгілі креслоға мені жекелей отырғызып, басқа да қадірлі үлкен ақсақалдарды былай отырғызып, күткен болатын. «Он балам бар, он біріншісі балам осы» деп мені даралай көрсетіп, мақтауын жеткізіп, құрметіне бөлеп еді.

Абай – оның бүкіл көзқарасында. Абай болмаса Әуезов өмір сүре алмас еді, Қайым өмір сүре алмас еді. Абай – олар үшін тек ақын ғана емес, туған тағдыры, кешкен ғұмыры. Қайымның абайтанудағы бірінші әрі ең ұлы еңбегі Абай музейін (ол кезде қазақ жеріндегі музейді интеллигент адам басқарып көрмеген, ал Әрхам Ысқақұлы – халықтың ішінен шыққан өкіл) ұйымдастыруы, бүкіл шығармаларын жинауы, тіпті керек болса сатып алуы. Сонау Мәскеуден орманшыны әкеп, ол кезде Әуезовтің де күші мықты, ертеңінде экспедицияны бастағалы тұрғанда соғыс туындайды. Ал сондағы Абай және ол туралы өздерінде жиналып қалған естеліктерді, қолжазбалары, тағысын басқалары – Қайымның, Әрхамның ауыл-ауылды аралап жүріп жинаған дүниесі. Қазіргі Жидебайдағы Абай қорық-музейіндегі жәдігерлердің 70-80 пайызы – Қайымның сол уақытта жиған, ұйымдастырған жұмысы. Әрине, Әуезовтің Абай өмірбаянын толықтырып жазу мен шығармаларын насихаттаудағы еңбегіне дау жоқ, сонда да сол жазбалармен қоса жаңа, тың деректердің толығуына, Абай мына жерде тұрған, қалада мына үйге тоқтаған деген нақты көрсетулері де ғылымға Қайымның арқасында енді.

 

Екінші бір айтатын мәселе: Абайдың ақындық мектебі. Егер Қайым болмаса осы Көкбай, Әріп ақын, Әсет, Абай ұлдары Мағауия, Ақылбай, Төлеу Көбдіковтің еңбектері жиналмас еді. Біз онсыз алды жоқ, арты жоқ, кең жапан далада жалғыз жүрген Абайды көріп білгендей екенбіз. Оның алдындағы Дулатты ұстазы деп жүрміз ғой, осы күнге дейін оны ұстазы деп санамайтындар да бар екен. Бұл енді рушылдық дерттің асқынғандығын көрсетері айдай анық нәрсе. Осы аталған ақындардың шығармаларын жинап, оны жанкештілікпен ғылыми ізденістерге түсіру арқылы Абайды жалаңаш қалдырмады. Егер Абай жалаңаш-жалғыз қалса, онда бүгінгі таңда қалыптасқан жүздеген ұғым, түсініктерден белгісіз болар едік. Көкбай ақынның Абай жайында жазған бір ауыз өлеңі ұлы ақынның бүкіл өмір тарихын, болмысын, тағдырын сипаттап сыйғызып жібергендей емес деп кім айтады.

Ыстық-суық камера. Азаптау. Қияметтен өту

Қайым «Абайдың ақын шәкірттері» үшін 25 жылға сотталды. 1951 жылы қаңтар айында Абайдың ұлтшылдығы туралы қаулы қабылданды. Дәл соның алдында, 30 желтоқсанда мақала шығып тұр ғой. «Абайдың ешқандай мектебі жоқ» деген Қажым Жұмалиевтер, олардың өзі біреулерді айдап салып, асқан қажырлылық танытты, біз осыларды ашық айтуымыз керек. Мұндай тақырыпты жасыру арқылы біз Әуезовты қорғай алмаймыз. Әлде Әуезовке қасаң пікірлерін қарша боратқан Жұмалиевтерді ақтаймыз ба? Сонымен бірге Қайымның 25 жылға сотталуына себепкер болған Сақтаған Бәйішевті неге айтпаймыз? Бұларды ашық жазбасақ, онда біз тарихымызды ешқашан лайықты жаза алмаймыз.

Қайым 27 қазан күні диссертациясын қорғағанда Қ. Жұмалиев бастаған топ «жойылсын, мұны істеп отырған Әуезов», «мұндай қарақшылық істерге (???) жол бермеуіміз керек», «бізге исламистер қажет емес» деп төпеп жатқанда жалғыз ғана еврей ғалым «Мынауың үлкен арнаулы мақсатта істелген, деңгейі өте жоғары жұмыс. Осы қалпыңнан тайма, түбінде өз мақсатыңа жетесің» деп сөйлеп мінберден түседі.

Осыдан кейін Қайым ұсталып, түрменің тас камерасына қамалады. Сонда тергеушілер: «Сен жас ғалымсың, әрі директорсың. Үйің бар, бала-шағаң күтіп тұр. Біз қажетті құжаттарды дайындап қойдық. Бізге бір ғана мойындау керек, сол сенікі. Маған осы тақырыпты ұсынған және ғылыми жетекші болған – М. Әуезов десең болды» дейді. Қайым еш көнбеген. Есмағамбет Ысмайыловтың да 25 жылға айдалуы оның да мойындамай қойғандығынан болатын. Қайым ойланады: «Егер мен мойындасам, Әуезов кетеді. Әуезов кетсе, Абайымнан түк қалмайды...» Ойлаудың өзі қорқынышты. Ішінен тістеніп, «Алашымның» шумақтарын қайталап, ұрып-соғулардың бәріне де төзіп бердім дейді. 

 

«Содан бір күні Сәкенов деген келді. Генерал майор, кейін КГБ-ның орынбасары болды. Алғашында ол мені басқа камераға алып барды, іші жып-жылы екен (№14 камера деп аталған орынды мен кейін көрдім). «Еее, мынау жақсы болды ғой» деп отырғанымда табаным күйе бастады. Қабырғаны ұстасам ыстық, құбырды ұстасам ол да ыстық. Бір уақытта моншаның пары пар ма, осы бүкіл денемді күйдіріп әкетіп барады. «Бірақ дейді, «есіме әкемнің айтқаны түсті: адамның табаны күймесін, табаны күйген адам ешқашан адам болмайды» деген. Бас-қол, жүректі қойшы, аналар да табан күйдіруді білетін болуы керек, соны сақтауды ойлап, құбырдан ұстадым. «Көп болса алақан күйер, алақан күлдіреп ойылып кетсін, өлмеймін» дедім да тас жабыстым. Бір сағат па, екі сағат өтті ме, есімді жисам, ұрып жатыр екен. Қолымды сыртынан ағашпен аяусыз соғып жатыр, ал қолым ана құбырға жабысып қалған екен. Бір кезде ашылғанда жерге тарс етіп құладым, естіп жатырмын: «өлген жоқ, тірі жатыр» деді.

Екі күннен кейін тағы бір камераға тағы алып келді. Ыстық камераға қамайды-ау деп үрейлене бастап едім, жоқ, мұның іші салқын болып шықты. «Салқынға шыдауға болады» деп тұрғаным сол еді, қабырғасын ақ, бозқырау басқан, кәдімгі үскірік жүргендей өте суық камера екен. Оны дайындарда 35-40 градус аязға дейін жеткізетін болуы керек. Адам екі күнге аязға шыдайды, содан кейін есі кете бастайды дегенді білетін едім, ұзыны екі метр, ені бір метр камераның ішін айналып жүгіре бердім, жүгіре бердім. Аяғым қалай икемге келсе, солай тоқтамауға тырыстым. Құлағанымды білемін, есімді жисам, аналар тағы ұрып жатыр екен, суықта ұрғанда адам денесі ауырсынуды сезбейтінін білдім. «Мынау өлмепті, тірі екен» деді біреуі.

Үшінші жолғысында аналар «Әй, қоясың ба, жоқ па, балаң бар, шағаң бар, мойындай салсаң қайтеді» деп сұраса, «Жоқ, өлсем өлейін, ештеңе айтпаймын» деп тістеніп тұрғаным сол, екі дәу келді де, үлкен бір қапты кигізе салды. Содан қолында резеңке сойыл, онымен бас-көзге қарамай төпелегенде, әсіресе саусақтарға тигенде денеңді тызылдататын. Резеңке сойыл тиген жер көгермейді екен, ертесінде орнымнан қозғала алмай қалдым. Аналардың айтатын сөзі: «Мынауың әлі тірі».

Содан ешбір мойындата алмаған соң, ату жазасының баламасы ретінде ұсынылған 25 жылдық түрме жазасына кесіліп, Сібірге айдалды. Алғашында Қызылжарда болады да, сонда Жуковтың ген-штабымен бірге түрмеде жатқан. Өңкей генерал Қайымнан «соғыста болдың ба?» деп сұрайды. Әскерде қай жерде болғанын, қандай жаза тартқанын айтып бергенде олар баласындай көріп, орталарына алыпты. Сосын Карлагта жөнелтіледі.

«Сіз сатқын екенсіз!»

Түрмеден босап келген соң Алматыдағы Әуезовке жолығады. «Келдім, келе сап Семейге кетуім керек. Пойыз екі күн кешігіп жеткен, келсем, Әуезов ұйықтап отыр екен. Аман-саулық біліскен соң, «не аңсадың түрмеде отырғанда?» деп сұрады.

- «Арақ» дедім.

Графиннен алып, қырлы стақанға құйып ұсынды да: - «Түрме қалай?» деді. Түрмеде деген өлеңді оқып: -«Мен түрмеде ыстық камерада, суық камерада жатып құлға айналдым. Абай үшін. Сіз үшін», - дедім.

- «Өзіміз түрмеде жатқанда Байтұрсынұлы атаң болатын, Әлімхан екеуімізге жазыңдар, идеяны жеткізуші боласыңдар сендер, бізді бәрібір атады, Мағжанға сенбейміз. Сендер аман қалыңдар, жолдарың бар деп айтты» дейді. «Сендер аман шықсын деп, ей, Қайым, мен сендерден бас тарттым ғой». Мұны айтқан – Әуезов.

- «Қалай?»

- «Сендер менің шәкіртім емессіңдер деп мен бас тарттым. Қырғыздың академигі Жаңбыршиновке сатып алыңдар», - дедім.

- «Түһ, өзіңіз бір подлец екенсіз. Кеше алаштықтарды саттыңыз, бүгін, міне, мені сатып отырсыз. Қаперсіз екенсіз».

- «Ей, Қайым, мұны тактика дейді, түрме тактикасы дейді. Мен кетсем, сендер де атылып кетесіңдер. Мұны түрме тактикасы дейді, сен мұны білмейсің ғой», – деді.

Осы азапты Қайым бәрібір кешірді. 

  

1989 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына байланысты төрағасы Өзбекәлі Жәнібеков, хатшысы Сейіт Қасқабасов бекітілген комиссия жұмыс бастады. Оған мені де шақырған болатын. Сонда мен тойға академиялық басылым дайындауды және ол үшін Қайым Мұхамедхановты арнайы алдыруды ұсыныс етіп енгіздім. Қаулы қабылданды да, Семейден Қайым ағаны алдырттық. Алматыға кеп орналасты, үй берілді. Мен басқарған Әуезов музей үйіне қызметке тұрды, кейін 1997 жылы қысқарту жүріп алынып тасталды. Ең ақырында Семейге қайта кететін болып, жылап-сықтап қоштастық қой.

Әбділда Тәжібаев – ұлы ақын, бірақ сатқын

Мен тұлғаларды ашуымыз керек, олардың айналасын толық зерттеуіміз керек дедім ғой. Біз Алаш Орданы ұлт ретінде мойындадық па, онда тәуелсіздігіміздің, болашағымыздың идеясы ретінде ұстануымыз қажет. Енді неге сол алашордашыларды атқызып, жетпіс жыл көрге тығып, сорлы қылған адамдарға біз құрмет көрсетеміз? Неге көшенің атын береміз? Қаныш Сәтбаевты кім қалай қудалады? Сақтаған Бәйішевті құрметтеуіміз арымызға сын емес пе? Мағжанды, Ілиясты жөнелткен, Қайымға куә болған Тәжібаев ше? Ұлы ақын, бірақ сатқын. Осының «Ұраным – Алаш» еңбегімде шет жағасын айттым. Мұндай тұлғаларды ұлт көсемі деп танимыз ба?

Қайым адалдықпен ғұмыр кешті, сондықтан ол еркін жүрді. «Ғылым таза болуы керек», «ар таза болуы керек» деген принциппен жүрді. «Айым», «күнім» деп көрпенің астында тығылып өлең жазатын Тәжібаев емес. Әбділда өзінің естеліктерінде Қайымнан «кешір, кешір» деп жылап жазатын.

Бірде ақын Әбділда Тәжібаевпен кездесіп қалғанымызда қара мысық туралы айттым. «Семейдегі аралда қара мысық» дедім.

- «Қара мысық туралы сен не білесің, ей, – деп сұрады. – Сенгенің кім?»

- «Қайым», – дедім.

- «Ал, айтшы».

- «Мен сіздердің қара мысықты көмгендеріңізді білемін. Аралда».

Сонда Семейге Әуезов барған, Сәбит Мұқанов болған, бұлар неге барды деп көріп келуге Әбділданы жіберген ғой. Қайым оған алдырта ма – алдыртпайды. Сонда қара мысықты алып, аралға барып (бұл жерге 64 алаштың тұқымын атып көмген) Қайымға күрек алдыртып, қаздыртып, «біз алаштықтарды былай көмеміз, Әуезовты былай көмеміз, С. Мұқановты былай көмеміз», - деп көрсетіп, қара мысықты көмеді.

Кейін Ә. Тәжібаевтің «Есімдегілері» шықты ғой, сонда мен хат жазып, осы оқиғаны есіне салдым, маған жауап жазған жоқ.

Абайдың мектебі, абайтанудағы Әуезовтің мектебі, енді Қайымның әдебиеттану ғылымындағы мектебін былай қойғанда, абайтанудағы текстологиялық мектебі берік іргесін тепті деп толық айтуға болады. Қазақ халқы өмір сүрсе, Абай өмір сүреді, Абай өмір сүрсе, Қайым да өмір сүретін мәңгілік қозғалыс бұл.

Жазып алған Заңғар КӘРІМХАН