06 қыр, 2016 сағат 15:33

Тұрсын Жұртбай. Ғылым сахабасы

Е, дүние деген осы. Мына қара қатираны кеше таңертең әзіл-шынын  араластырып балдызым Батханның Аппағынан 300(мың!) теңгеге бағалап, сондай бір жомарттықпен сатып алып ем. Таңым да сәтті басталып, күнім де көңілді аяқталып еді. Ал бүгінгі таңым – күліп ұйықтасам да, көңілсіз хабардан басталды: Алматыдағы өмір жолым басталғанда алдымнан жақсылықтың құшағын айқара ашқан ұстазым әрі аға-бауырдай сыйласып, елу жылдай еркелеп өскен оқымысты зиялы Тұрсекем – Тұрсынбек Кәкішұлы өмірден озыпты. Мұны, жұмыртқасында – шайқап, балапанында – мәпелеп, тастүлегінде – баптап, ақиық еткен, өзінің кәсіби мамандығы әдеби сынның тарихына тәрбиелеген ізбасары Сағымбай Жұмағұлов шайтанқұлақ арқылы естіртті.

Суық хабардың салқын уыты бойға жайылып бара жатқан шақта, Тұрсекемді еске алып, Семейдің әуежайында осы жол- дарды жазумен «Қара қатираның» бетін ашып отырмын. Іші қандай сөзбен толығар екен? Тола ма? Толтыруға ғұмыр мұрша бере ме? Тұрсынғазының халі анау?! Келденбайдың өзі кетті, әні қалды. Әйтеуір ұлын аяқтандырдық кеше. Күзгі бұтақтағы дірілдеген соңғы жапырақ сияқты боп қалдық-ау! Өткеннің өкініші көп қой. Алдағыға өкіне қарайтын не бар? Көп те сияқты... «Балам – аман, басым – бүтін» болса, соған тәуба! Жиылмай қалған ойды, жазылмай қалған дүниені уайымдап, асыға-үсіге аптығатындай көңіл-күй байқалмайды. Бәрі де, ең қызығы да – алда, ертеңгі күнде сияқты...

* * *

Міне, Алматыда Тұрсекемнің де – Тұрсынбек Кәкішұлының да жамбасын жерге тигіздік. Сексен сегіз жас жасапты.

Кісіге қараған күнін білмеймін, кісі өзіне қараған күннен бастап адамға құшақ ашудан танбаған адам еді. Қазақтың мүддесі күйіп бара жатқан жерде дос-дұшпан көзі деп қарамастан, президент-министр деп қаймықпастан атой сала білген адам. Ал сол мүдде үшін: атой салған он жасар баланың дауысын естісе, сексендегі жасына қарамастан құйындата шауып барып, сол атойдың түбінен табылған адам. Сондықтан да, шындықтың шырылдауық қараторғайы десе де жарасар еді.

Ойындағысын жеткізу үшін қысы-жазы: алқалы жиында, толағай топ алдында, екі-үш адамның арасында да «шырылдаудан» жазбайтын да жалықпайтын. Өзі сенсе, өзі ынтасын қойса, өзі еліксе, не еліктіре-сендіре білсең – алған бетінен қайтпайтын. Шұғыл бет қойып, табан астында шешіп тастауға ұмтылатын және оның нәтижесін бұлдап, жүк қып артып, міндетсімейтін.

Көптің көзінше, көп ортасында көптің игілігі үшін біткен істі ұнататын. Оның есесіне, кез келген ұрымтал тұста, оқыс бұрылыста, тар қолтықта тапсырма беретін және қарымының да тез қайтуын қалайтын. Ұмыттырып жіберсең де, екі жылдан соң есіне түскенде, үлкен-кіші, орынды-орынсыз жер-ау демей, ойындағысын бетіңе айта салатын. Көбіне содан сескеніп, қо- лымыздан келмеген, не келмейтін істі амалын тауып өзіне істетіп алғанымызды біліп тұрса да білмегенситін. Біліп тұрса да салмағын түсіре зіл көрсетпейтін алды ашық, беті жарқын, ойы анық, алдыңғы екпінін артқы ақылымен екшей білетін ақжарма адамның нағыз өзі еді.

Ол маған – ұстаз, одан кейін – аға, одан кейін қайыра ұстаз, қайыра аға, ең ақыры – аға-дос, не дос-аға болды.

Әкеміздей құрметтедім, ұстазымдай сыйладым, өкіл ұлы есебінде сөзін екі етпедім. Бірақ тентек немересіндей емін-еркін еркеледім. Тіпті кейінгі жылдары соның бәрін бір уысқа жиып, нағашылатып-керейлетіп алған жайым да бар. Марқұм, соның бәріне де ләппайланып қабылдады.

Бар ғұмыры – құмырсқаның не бал арасының ата тұқымы сияқты еңбекпен өтті. Сол еңбек үстінде қалғып кетіпті. Ол кісіге сеніп, не сүйеніп жұмыс істеуге, не өзгеге жұмыс тапсыртуға болмайтын. Себебі, мінезі тым кең әрі көңілшек еді де, өзі тапсырған істің нәтижесін қатаң талап етпейтін. Айтқан сөзін аманатындай көріп, кезекті идеясы өтсе – жаны жадырап сала беретін. Істің орайын тез тапқанымен де шешім құлашын кеңге салатын.

Мысалы, менің мойынымда да Тұрсекең берген екі-үш аманат тапсырма бар. Оған ондаған жылдар өтсе де сөзін жерге тастадым дей алмаймын. Сабақты ине сәтімен. Кезегімен шешіліп жатыр. Өйткені, оның барлығы тұжырымдамалық деңгейдегі зерттеуді қажет ететін ауқымды тапсырмалар. «Ұраным – Алаш!» атты үштағанда соның деніне мұрағат деректері негізінде жауап қайырылды. Ал әрқайсысына жеке-жеке зерттеу арнауға ғұмыр шіркін қайтып жетсін. Ал әр шәкіртінің мойнындағы мұндай тапсырмалар – бес-ондап саналады. Марқұм, Рахаң – нысаншыл (идеяноситель) еді де, Тұрсекең – Т. Кәкішұлы – мүйізтұмсық-мұзжарғыш еді. Тұрсекеңнің бір жолғы жарып өткен қоғамдық ғылымдағы мұз қабатының айдынын ғылыми жүйеге түсіру үшін де бір ғұмыр керек еді. Ал мұндай қабаттардың қаншасының көбесін сөкті. «Ол кісіге сеніп не еріп, жұмыс істеуге болмайтын» дегенімнің де себебі осында. Шашылып қаласың. Сондықтан да бір тапсырмасын меншіктеніп, соны түбіне жеткізген шәкірттерінің бәрі де мұратына жетті.

...Аске зінде Орталық ғылыми кітапхананың кезекті «ғылым қарауылы» Оралтай Қасымбекұлы деген оқымысты азаматтың:

– «Абайдың: «жүрек – біреу, иман – біреу, өкпе – екеу, уайым – екеу», – дегенін сіз тереңдете талдап едіңіз. Шын- дығында да уайым – екеу: бұ дүние үшін қайғырып, уайым қыласың ба, жоқ, о дүние үшін қайғырып, уайым қыласың ба - ерік өзіңде. Сіздің ойыңызша, Тұрсекеңнің қай уайымы басым болды екен?» – деген сұрағы мені таң қалдырды.

Шындығын айтсам, мен мұндай сауалға жауап беруге дайын емес едім. Тіпті ойыма келмеген, Тұрсекеңнің өзі де жіктеп көрмеген  сұрақ  шығар.  Біз  үшін  бәрі  бір  Алланың  еркін- дегі тұтас ғұмыр. Ал өзімнің «Күйесің, жүрек… сүйесіңде» түсіндірілген бұл тәфсірімді ұмытып қалыппын. Бұлдырап барып есіме түсті.

Ұмытпайтын, дамытатын тәфсір екен. «Осы, «күйесің, жүрек... сүйесіңді» анда-санда қайталап шолып тұру керек- ау...» деген ой келгенде Мұхамед Хайдар Дулати мырзаның «Тарих-и Рашидиінде» «ғылым сахабасы» деген ұғымды термин бар еді. Шындығында да, Тұрсекем – Тұрсынбек Кәкішұлы «ғылымның сахабасы» еді.

Ұшақ Астанаға қонуға бет алды.

Р.S. Уыты қайта қоймаған, бейнесі көмескі тарта қоймаған сәтте күнделікке түскен осы ойларымдағы шындықтың буы суи  қоймаған  сияқты.  Әлі  талай  естеліктер  жазылар,  мұндағы ойларды дамыту – келер күндердің еншісі деген үмітпен Тұрсекеме арналған жинаққа ұсынуды жөн көрдім.

Тұрсын Жұртбай

 Естелік "Сырсандық. Сәкенге өмірін арнаған саңлақ" кітабынан

(Фолинат баспасы, 2016жыл) алынды