Фото: КазТАГ
Ербаян Мұхтар Түркиядағы емнің келесі кезеңін аяқтап, елге оралды – бұл туралы заңгер Инга Иманбай хабарлады.
Заңгер Инга Иманбайдың хабарлауынша, Ербаян Мұхтар Түркияда емнің кезекті кезеңін аяқтап, Астанаға аман-есен оралды. Оның қазіргі жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Дәрігерлердің айтуынша, ем толық әсер етуі үшін кемінде үш ай уақыт қажет. Осы себепті үш айдан кейін Ербаян қайтадан Стамбулға барып, реабилитациялық кезеңді жалғастырады.
Ербаянның ата-анасы және заңды өкілдері барлық қолдау білдірген жандарға алғыс білдірді. Емге бару мүмкіндігі халықтың қолдауының, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың дер кезінде жәрдем көрсетуінің және ұшу мәселесін шешуге көмектескен генерал Қайрат Үмбетовтың қолғабысының арқасында мүмкін болғаны атап өтілді.
Инга Иманбайдың айтуынша, екі рет шетелде ем алу — үлкен еңбек пен жанашырлықтың нәтижесі. Жарақатының ауырлығына байланысты оң өзгерістер бірден байқалмай отыр. Дегенмен бұл – дәрігерлер де, отбасы да түсінетін қалыпты процесс.
Соған қарамастан, Ербаян өзіне лайықты өмір сүру үшін күресін жалғастырып келеді. Жақындары мен жанашырлардың қолдауы оған үлкен күш беруде.
