09 жел, 2021 сағат 21:16

Түркияда басылған 2 мың кітап алматылық оқырмандарға тарту етілді


Бүгін Алматыда қазақтың классик ақын-жазушыларының Түркияда басып шығарылған кітап-альбомдарының қала кітапханаларына табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы шығарған қазақтың классик ақын-жазушыларының 24 кітап-альбомының 2 000-ға жуық данасы Алматы қаласының кітапханаларына тарту етілді. Оның ішінде үш тілде жарияланған «Абай», «Үш Арыс», «Олжас Сулейменов», «Шыңғыс Айтматов», «Қалам мен қағаздың махаббаты» сынды кітаптар бар.

«ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің бастамасымен осындай бастаманы қолға алдық. Бұл тек Алматы қаласында ғана емес еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасын табады. Алдағы жоспарымызда Қарағанды қаласы бар» - деді еліміздің ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Бақытжан Омар.

Айта кетейік, Алматыда өткен іс-шараға «ТҮРКСОЙ» ұйымындағы Қазақстан Республикасының өкілдері және еліміздің шығармашылық зиялы қауымы қатысты.