Түркістандағы "Əзірет Сұлтан" қорық-музейінің қоры 114 жəдігермен толықты. «Музейге сый» акциясы аясында қала тұрғындары мен қонақтары əкелген жәдігерлер ел назарына ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Ата бабаларымыздан мұра болып қалған кең байтақ жерімізді, тарихи-мәдени құндылықтарымызды, тарихымызды, ізгі қасиеттерімізді сақтап және де жаңғыртуымыз қажет. Өйткені ұрпақ санасында ұлттық рух мәңгі қалуға тиіс» деп, тарихи жəдігерлер маңыздылығы мен қорғау мәселесін баса айтқан болатын.
Осы орайда, қорық-музейінде арнайы көрме ұйымдастырылып, онда музей жанашырлары тарихи, этнографиялық бағыттағы көне дүниелерін көрмеге əкелді. Осылайша мұражай жалпы қоры 114 жәдігермен толықты. Ата-бабадан мұра болып,сақталып келе жатқан құнды дүниелерді музейге табыстаушылар арасында Түркістан қаласының тұрғыны «Әжелер» ансамблінің мүшесі, қалада өтетін іс-шаралардың белсенді қатысушысы Жақсыгүл Төлентаева да бар. Ол музейге этнографиялық және бонистикалық бағыттағы жалпы саны 30-ға жуық зат тапсырды.
Айта кетейік, "Əзірет Сұлтан" қорық-музейі ашылғанда небəрі 300 жәдігерден құралған құндылықтар қоры қазіргі күнде 24082 жәдігерге жеткен.
"Көрме экспозициясында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың музейге сыйға тартқан құран кітабынан бастап шетел басшыларының тартулары да бар. Сонымен қатар еліміздің қоғам қайраткерлері, әуесқой археолог, музей қызметкерлері және қарапайым халықтың күнделікті тұрмыста қолданған этнографиялық, археологиялық және жазба ескерткіштері де кездеседі. Жыл сайын өтіп отыратын акция аясында Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің ұлы Бауыржан Жәнібеков әкесінің жеке кітапхана қорындағы 18 дана кітапты табыстаған болатын. Табысталған кітаптар - шетелдік бірегей әдебиет туындылары. Музей ісі мен отандық өнер саласына қатысты əрбір кітапта Өзбекәлі Жәнібековтің өз қолтаңбасы бар" - дейді мәдени орданың қызметкерлері.