Түркістандағы «Әзірет- Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде көбіне нумизматикалық жәдігерлер сақталған. Олардың 20-сы - алтын, 500-ге жуығы күміс ақшалар. Құнды металдардан соғылған шақалардың барлығы археологиялық қазба жұмыстар кезінде Түркістан аумағынан атап айтқанда, Яссы-Күлтөбе, Тоған, Сауран, Иқан, Қосқорған, Төрткүл (Құшата), Төрткүл ІІ, Жүйнек, Міртөбе көне қалалар орындарынан табылған. ҚазАқпарат тілшісі осынау құнды жәдігерлер турасында тереңірек біліп-қайту үшін Түркістанға арнайы сапар шекті.
Көне экспонаттар тізіліміне орта ғасырға жататын ақшалардың 11 көмбесі, яғни нумизматикалық табыстар және сирек кездесетін жәдігерлер енгізілген.
Мәселен, 2012 жылдың ақпан айында Ораңғай елді мекенінің тұрғыны кездейсоқ тауып алған 54 дана мыс фельстерді (мыс ақшалар) ХҮ ғасырдың соңы мен ХҮІ ғасырдың алғашқы ширегінде соғылғаны анықталды. Кейіннен бұл ақшалар мұражай қорына өтті.
Сол жылдың наурыз айында Шаян ауданы Сарыбұлақ елді мекенінің тұрғыны тау етегіндегі Құрысай деген жерден 450 дана мыс ақшалар көмбесін тауып алды. Олар да мұражайға тапсырылды. Көмбені зерттеу барысында оның ХІІІ ғасырдың екінші жартысында соғылған Шағатай ұлысының күмістелген мыс дирхемдері екендігі анықталды.
Оңтүстіктің тарихи жерлерінен табылған тағы 13 дана алтын динар ХІІІ ғасырдың орта тұсында Орта Азия қалаларында соғылған. Бұл ақшалар кезінде ақша соғу ісіндегі ерекшеліктерге байланысты сынамалары әдейі төмен етіп соғылып отырған алтын динарлар қатарынан. Шақалардың бетінде ақша сарайлары аттарынан тек Бұхара және Самарқан атаулары ғана сақталған. Барлығына «Кәлима» жазбасы мен халифа Наср лид-Дин Аллахтың аты жазылған. Жиектеріндегі жазба бедерлері барлығында дерлік жойылып кеткен. Бес дана алтын тиын Ыстанбұлда, Иранда, Австро-Венгрияда, Ресей патшалығында ХIХ-ХХ ғасырларда соғылған.
«Түркістан қаласы, Қарашық өзенінің маңындағы қалалық қорымнан 6 мың данадан астам мыс ақшалардан тұратын көмбе табылды. Көмбе толықтай XV ғ. хижра жыл санағы бойынша 832 х.ж. (1428-29 ж.) көрсеткішімен, Темуридтер мемлекетінің Мәуеренахрлық бөлігінің билеушісі Ұлықбек тарапынан жүргізілген ақша реформасы тұсында соғылған мыс адлилерден тұратыны анықталды», - дейді мұражайдың нумизмат маманы Толқын Жолдасов.
1982 жылы Яссы-Күлтөбе қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде құмыра ішінен XIII ғасырдың соңғы ширегі мен XIV ғасырдың басында Шағатай мемлекетінің ақша сарайларында соғылған 202 дана күміс дирхем мен фельстерден тұратын көмбе табылған. Көмбе құрамында Алмалық, Әндіжан, Бұхара, Қашғар, Кенджде, Маргинан, Отырар, Самарқан, Тараз, Ходженд, Шаш және Янги ақша сарайларының өнімдері бар. Бұл жағдай сол кезеңде Шағатай ұлысына қарасты Түркістан қаласының айтарлықтай маңызға ие сауда орталықтарының бірі болғандығын көрсетеді.
2000 жылы Түркістан қалашығының «Қоқан цитаделінде» жүргізілген қазба жұмыстары кезінде Жани әулетінің билігі тұсында соғылған 75 дана күміс тангаларынан тұратын көмбе табылған. Тангалар Имам Қули Хан, Надыр Мұхаммед хан және Абдулазиз хан тұсында соғылған шақалардан тұрады. Көмбенің маңыздылығы оның Жани әулетінің алғашқы билеушілерінің тұсында соғылғандығында. Бұл көмбе ІІ кезең шақаларынан тұратыны анықталды. І және ІІ кезең шақаларының соңғы кезеңнен айырмашылығы бұл кезеңдерге тән күміс ақшалардың сынамасы жоғары болған.