14 қар, 2017 сағат 15:17

Түркістанда қазақ хандары тұсындағы теңгелер көрмесі ашылды

Түркістанда «Ұлттық валюта күні» қарсаңында «Тәуелсіздік нышаны - төл теңге» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.  

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ұйымдастырылған көрмеге Отырар қорық-музейі мен Нәзір Төреқұлов музейі тарихи-мәдени этнографиялық орталығының қызметкерлері, қалалық ардагерлер кеңесі мен қазақ тілі қоғамының мүшелері, сондай-ақ мектеп оқушылары мен ұстаздар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты, деп  хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бастамасымен өткен шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылды.

«Тәуелсіздік нышаны - төл теңге» көрмесі қазақ жерінде соғылып, айналымда жүрген ақша түрлері жəне 1993 жылы айналымға жіберілген теңге банкноттары мен монеталардың үлгілері, теңгенің эволюциялық даму барысындағы үлгілері мен Қазақстан Ұлттық банкінің коллекциялық теңгелері сынды бес бөлімнен тұрады.

Сан ғасырлық тарихи кезеңдерді қамтитын көрмеде қазақ жерінде мекен еткен түркі мемлекеттерінің ақша түрлері таныстырылды. Тәуелсіздігіміздің жаршысы болған теңгелердің 1993 жылғы алғашқыларынан бастап, бүгінгі таңға дейінгі даму тарихынан хабар беретін үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Мәселен, қазіргі таңда әлемдегі жалғыз үлгісі ғана белгілі болып отырған Шыңғыс хан атымен Самарқанда соғылған алтын динар жəне бүгінгі таңға дейін белгісіз болып келген тың жаңалық - Жәңгір хан тұсында соғылған мыс ақша да жұртшылық назарына ұсынылды. Ғалымдар музей қорында сақталған, Самарқанд ақша сарайында жасалған динар қазіргі күнде типологиялық тұрғыда әлемдегі жалғыз ақша деп отыр. Нумизматика тарихында қазақ хандары арасында өз атынан ақша соқтырған тек Тұрсын Мұхаммед ханның теңгелері ғана белгілі болып келген болса, Салқам Жәңгір ханға арнап жасалған теңгенің табылуы да айтарлықтай жаңалыққа ие. Қазақ нумизматикасының тарихына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беретін бұл тиын үлгісі өте сирек кездесетін ақшалар қатарынан орын алады.

Айта кетейік, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің нумизматикалық қорында бүгінгі таңда 13 мыңнан аса жәдігер сақтаулы.