Фото: okg.kz
Түркістан қаласында қажырлы еңбектерімен қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына қомақты үлес қосып келе жатқан ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай AGROFEST TÚRKISTAN – 2024 салтанатты шарасы өтті. Бұл күні ала жаздай ризық-несібесін жерден терген өңір диқандарының 3000 тоннадан астам өнімдері халыққа ұсынылды.
Мерекелік шарада «Керуен сарай» туристік кешенінде асыл тұқымды мал шаруашылығы мен техникалар көрмесі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Ауқымды іс-шараға қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауыл шаруашылығы техникалар көрмесін көріп, «Тұран су», «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорындарына арнайы техникалар табыстады. Ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесін аралап, колөнер шеберлерінің жұмыстарымен және мал шаруашылығы көрмесімен танысты. Еңбек адамдарына құрмет көрсеткен облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласы өкілдерін құттықтады.
«Халықтың әл-ауқатының жоғары болуы – агроөнеркәсіптік кешенінің дамуымен тығыз байланысты. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында облыстың агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Түркістан облысы аграрлық саланы дамытуда елімізде жетекші орынға тұрақтаған. Ауыл шаруашылығында еліміздегі жалпы өнім көлемінің 14 пайызы өндіріледі. Биыл 9 айда 747 млрд. теңгеге жуық өнім өндірілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп бұл салаға ерекше мән беріп отыр. Осы тұрғыда, өнімділікті арттыру және жаңа технологияларды ендіру бағытында, біз көршілес Өзбекстан, Қытай және Түркия, Австралия мемлекеттерінің оң тәжірибелерін ендіруіміз қажет. Облыстың табиғи-климаттық қолайлығы, жұмыс күші тұрғысында саланы жан-жақты дамытуға мол мүмкіндіктер бар. Заман көшінен қалмай, өрлеу үшін алдымызға ауқымды жоспарлар түзіп, биік межелерді белгілеп отырмыз. Адал еңбекпен еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүргендеріңіз үшін сіздерге алғысымды білдіремін. Өздеріңізбен бірге, облыстың аграрлық саласының жаңа бағытта дамуына қол жеткізетіндігімізге сенімдімін. Өйткені, Түркістан өңірінің еңбекқор елі, құнарлы жері бар. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, береке мен бірлік тiлеймiн! Еліміздің игілігі жолында жаңа табыстарға жете беріңіздер. Мереке құтты болсын!» деді Дархан Сатыбалды.
Салтанатты шарада облыс әкімі бір топ азаматты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Жиында облыстың аграрлық саласының дамуына белсенді үлес қосып келе жатқан озат агроқұрылым басшылары мен өкілдеріне де құрмет көрсетілді.
Сондай-ақ, даму көрсеткіштерімен алғашқы үштікке енген және негізгі капиталға инвестиция тартудан озат аудан, қала әкімдеріне облыс әкімінің дипломы табысталды. Бірінші орынды қайта өңдеу саласын дамытуда көш бастап, облыстық көрсеткіштің орындалуын қамтамасыз еткен Сайрам ауданынің әкімдігі жеңіп алды. Екінші орын Қазығұрт ауданының еңбеккерлеріне бұйырса, үшінші орынға Жетісай ауданы лайық деп танылды.
«AGROFEST TÚRKISTAN – 2024» мерекелік іс-шарасы Қазақстанның эстрада жұлдыздарының қатысуымен кешкі гала-концертке ұласты