16 сәу, 2024 сағат 12:02

Түркістан облысының тумасы Қазақстанда ең қымбат сториз түсірді


22 жастағы Түркістан облысы Ордабасы ауданының тумасы гүлдермен әдемі сториз түсіремін деп, үлкен айыппұл арқалап қайтты.

Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі әлеуметтік желілерді бақылау нәтижесінде полиция Қызыл кітапқа енгізілген және заңмен қорғалатын Грейг қызғалдақтарын жұлып алған студентті анықтағанын айтты.

"Тексеру кезінде жойылып кету қаупі төнген “Грейг” қызғалдақтарын Ордабасы ауданының 22 жастағы тұрғыны жұлғаны анықталды. Ол Ұялыжар ауылдық округіндегі алқапта Қызыл кітапқа енген гүлдерді жұлып, бейнежазба түсіріп, өз парақшасында жариялаған. Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдік түрлерімен заңсыз айналысу фактісі полиция бөлімінде тіркелді. Барлық жағдайлар анықталуда" делінген полиция мәліметінде.


Заңға сәйкес, Қызыл кітап өсімдіктеріне залал келтіргені үшін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, оның сомасы 11 млн теңгеге жетуі мүмкін.