Фото: okg.kz
Мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оң ықпалын тигізуде. Облыста жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары. Өңірде тауарлы балық өсірумен 224 кәсіпкерлік субъектісі айналысады, деп хабарлайды Ult.kz.
Жуырда облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ақжайық Хаметова, басқарманың бас маманы Абай Сәдірқожа Шардара ауданында жаңадан ашылған балық шаруашылықтарына арнайы барып, шаруаларға мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қандай көмек көрсетілетінін айтып, субсидия алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Өткен жылдан бері облыс аумағында 110-ға жуық балық өсіру шаруашылығы ашылып, жұмыстарын бастап кетті. Биыл 7000 тонна тауарлы балық өсіру жоспарланып отыр. Бірінші жартыжылдықта 1345 тонна балық өндірілді. Ал, акваөсіруге жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге қаралды. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 237,5 млн. теңге қарастырылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасының балық шаруашылығын дамыту бағыты бойынша өткен жылы 24 кәсіпкерге 168,9 млн. теңге жеңілдетілген несие берілген. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесіп, жасанды балық өсіруге қызығушылық танытушыларға шаруашылық құру алгоритмін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деді басқарманың бас маманы Абай Сәдірқожаұлы.
Басқарма қызметкерлері мемлекеттік бағдарлама аясында субсидия алып, балық шаруашылығын өркендетуге өз үлестерін қосып жүрген кәсіпкерлердің жұмысымен танысты. Солардың бірі – Тұрысбеков ауылдық округіндегі «Мөлдір» шаруа қожалығы. 10 гектар болатын тоғанда балық өсіретін шаруа қожалығы былтыр құрылған. Қазіргі таңда онда 6 жасанды көл жұмыс істеп тұр. Жақында тағы 4 жасанды көл ашылады деп күтілуде. Көлдердің әрқайсысы 1 гектар аумақты алып жатыр. Әр гектардан 10 тоннаға дейін балық алуға мүмкіншілік бар, демек жылына 100 тонна балық өсіруге қауқарлы. Мұнда тұқы, ақ амур, сазан секілді балық түрлері өсіріледі. Онда өндірілетін балық өнімдері Шымкент қаласындағы мейрамханаларға жөнелтілуде. Шаруа қожалығының төрағасы Бекарыстанәлі Сүйінбай өткен жылы бес серіктес бірігіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мемлекеттен 30 млн. теңгеге жуық несие алып, балық өсіруді бастағанын айтады. Балық өнімдерін болашақта Қазақстанның кез келген облысы мен шетелдерге экспорттауды жоспарлап отырғанын да жеткізді.
Шардарадағы «Әлібай» шаруа қожалығы да өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, жасанды көл қазып, балық шаруашылығын қолға алған. Кәсіп иесінің айтуынша, ауданда балықты өңдеп, экспорттаумен айналысатын «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Осы мекеменің балық шаруашылығын дамытуды үйрететін оқыту курсына барып, білім алып, тәжірибе жинаған.
– Былтыр 2,8 гектар жер теліміндегі тоғанға 15 мың дана шабақ жіберілді. Одан 17 тоннаға жуық тауарлы балық алсақ, биыл одан да көп балық алуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде жасанды көлдердің санын көбейту мақсатында жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, 6 гектар аумақта жасанды 3 көлді қазу жұмыстары жүргізілуде. Ол толық іске қосылған соң жылдық қуаттылықты 100 тоннаға жеткіземіз деп отырмыз, – деді Асан Әлібаев.
Айта кетсек, балық өсірумен айналысқысы келетін азаматтар «Шардара балық мектебінде» тәжірибе жинап, кооператив өкілдерімен серіктес бола алады. Түркістан облысындағы балық шаруашылығын үйрететін мектепке еліміздің түрлі аймақтарынан келетін кәсіпкерлердің қатары жылдан-жылға көбеюде. Мәселен, былтыр ауданда орналасқан «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін 100-ге жуық кәсіпкер тәмамдаған болса, биыл 60 кәсіпкер білім алуда. Жалпы, Шардара ауданы бойынша 33 балық өсіруші кәсіпкер тіркелген. Олар 951,35 тонна балық өсірген.
Айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік 2021-2030 жылдарға арналған арнайы бағдарламасы» бекітілген. Яғни 2030 жылға дейін, 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, балық өнімдері экспортын 7 мың тоннаға, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 100%-ға дейін көтеру көзделіп отыр.