18 қар, 2025 сағат 15:33

Түркістан облысының әкімі Жетісайдағы өрттен қаза тапқандардың отбасына барды

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына барып, өрт салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасына көңіл айтты деп хабарлайды Ult.kz.

Өңір басшысы оқиға болған үйді көріп, жауапты органдардың басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.

Әкім аудандық ауруханаға да барып, тілсіз жаудан аман қалған тұрғындардың жағдайымен танысты.

«Жетісай ауданының Алғабас ауылында болған ауыр қайғылы жағдай бәріміздің жанымызға батты. Өрт салдарынан адам шығыны мен жарақат алғандар бар. Бұл – бүкіл облыс үшін орны толмас қасірет», – деді Нұралхан Көшеров.


Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен үкіметтік комиссия құрылып, қазіргі таңда барлық құзырлы орган өрттің нақты себебін анықтауға кіріскен. Тергеу толық әрі жан-жақты жүргізілетіні айтылды.

Облыс әкімдігі қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасына медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіп жатыр. Сонымен қатар марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыру толықтай бақылауға алынғаны хабарланды.

Айта кетейік, Түркістан облысының Жетісай ауданында орын алған қайғылы өрт салдарынан 12 адам көз жұмды.