Фото: ҚР ТЖМ
Түркістан облысының Жетісай ауданында орын алған қайғылы өрт салдарынан 12 адам көз жұмды. Марқұмдардың тоғызы - балалар. Бұл туралы ақпаратты облыстық ТЖД растады, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқиға 18 қараша күні таңертең Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйден шыққан. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер үйдің толықтай отқа оранғанын анықтаған.
«Өртті сөндіру және барлау кезінде үйден ес-түссіз жатқан үш адам эвакуацияланып, жедел жәрдем қызметіне тапсырылды. Үй ішінен 12 адамның мүрдесі табылды, олардың 9-ы – бала», – делінген ведомство хабарламасында.
Көршілердің айтуынша, өрт шыққан үйде қонақтар болған, себебі алдыңғы күні үй иелері шара өткізген.
Өрт 360 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді. Оқиға орнында барлық жедел қызмет жұмыс істеп жатыр. Қайғылы жағдайдың себептері анықталуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, Үкімет пен облыс әкіміне зардап шеккендердің туыстарына қажетті көмекті көрсету және болған жағдайдың себептерін толық тексеруді тапсырды.
