Фото: ҚР ҒЖБМ
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің археологтары Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Бөген су қоймасынан құнды тарихи жәдігерлерді анықтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Зерттеу жұмыстары қойманың суы тартылғаннан кейін басталған. Бір аптаға жалғасқан экспедиция барысында археологтар кейінгі палеолит пен мезолит кезеңіне тиесілі еңбек құралдарын тапты. Атап айтқанда, халцедон тастан жасалған нуклеустер мен кесуге арналған тас пластиналар табылып, су эрозиясының әсерінен ашылған орындарда мұқият зерттелді.
Сонымен қатар кейінгі қола дәуіріне жататын жерлеу орындары қазылды. Онда геометриялық өрнекпен безендірілген керамикалық ыдыстар, алтын қапталған самай әшекейі, қоладан жасалған білезіктер, сырғалар және ұсақ моншақтар табылды. Ғалымдардың айтуынша, мұндай бұйымдар Түркістан өңірінде алғаш рет кездесті.
Экспедиция барысында қаңлы-сармат кезеңіне жататын жауынгер жерленген орын да анықталды. Қазба кезінде үш қанатты жебе ұштары, тұрмыстық пышақ, құмыра және тоға табылды. Ол б.з.д. І ғасыр – б.з. І ғасырына тиесілі деп болжануда.
Археологтар бұл табыстар өңірде көне дәуірден бері адам қоныстанғанын дәлелдейді дейді. Барлық жәдігерлер зерделеніп, кейіннен мұражай қорына өткізіледі.
