08 қаз, 2024 сағат 22:11

Түркістан облысында күзгі ағаш егу науқаны басталды


Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында елді мекендерді көгалдандыру, «Жасыл белдеуді» дамыту бағытындағы жұмыстар талқыланды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».


Өңір басшысы ағаштарды отырғызып, күтіп-баптау және күзгі маусымдық ағаш көшеттерін отырғызуға дайындық жұмыстарын жандандыруды тапсырды.


– Мемлекет басшысының елді мекендерді абаттандыру, аймақтарды көгалдандыру жөніндегі тапсырмасы бар. Осы бағытта жұмысты жүйелеу керек. Ағаш отырғызуда кемшіліктер көп. Егілген ағаштардың сапасын аудан, қала әкімдері қадағалап, осы іспен айналысуы тиіс. Күзгі ағаш көшеттерін отырғызуға қажетті орындарды дайындауды, олардың суғару жүйелерін қосуды және тиісті аумақтарды қоршау жұмыстарын жүргізуді ағаш отырғызу науқаны басталғанға дейін аяқтауы тиіс. Көшеті өнбеген мердігерлер оны қайтадан егіп, жұмысын сапалы аяқтасын. Заманауи тұқымақтарды көбейтуді тағы да қайталап айтамын. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін қанша ағаш егілді, оның ішінде қаншасы өнгені туралы мәлімет әзірленіп, талдау жүргізілсін, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.


Мәжілісте Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев баяндама жасады. баяндама жасады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының 15 млн көшет егу тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдары Түркістан облысында 1,1 млн көшет отырғызу жоспарланған. Осыған орай, «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітіліп, 2 млн 891 мың дана көшет отырғызу көзделген. Облыстың елді мекендерін көгалдандыру жоспарына сәйкес, 2022-2024 жылдар аралығында 1 млн 832 мың дана көшет отырғызылды. Оның ішінде, Түркістан қаласына 512 мың дана көшет босатылған. Биыл күзгі көшет отырғызу науқаны аудан, қалалардың ауа-райына қарай қараша айынан басталады және олардың сұраныстарына сәйкес, 516 мың дана көшет отырғызу жоспарланып отыр.


Жалпы Түркістан қаласының айналысынан қазіргі таңға «Жасыл белдеу» құруға 30 000,0 гектар жер алу межеленген. Оның 28 335,0 гектар жер теліміне мемлекеттік акт алынып, мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылған. Түркістан қаласы мен Сауран және Отырар аудандарының жер иеленушілеріне тең көлемде жер беру арқылы «Жасыл аймақ» КММ-нің мемлекеттік орман қорын ұлғайту жұмыстары қажеттілікке байланысты жалғасын табады.


2024 жылдың күз және 2025 жылдың көктем айларында «Жасыл белдеу» аумағында орман екпелерін отырғызу және толықтыру жұмыстары атқырылуда. Негізгі басымдық Түркістан қаласын айнала қоршап тұрған «Жасыл белдеудің» 8 185 гектар аумағында жүргізіледі. Отырғызуға қажетті көшеттер Түркістан қаласының аумағына жерсінген мекеменің тұқымбағындағы көшеттер пайдаланылады.