19 там, 2024 сағат 19:01

Түркістан облысында құрылған индустриалды аймақтар өңірдің дамуына оң серпін береді

 Фото: Түркістан облысы әкімдігі


Түркістан өңірінде соңғы бір айдың ішінде Қазығұрт, Сауран, Сарыағаш және Келес ауданында 570 гектарға қосымша 4 индустриалды аймақ құрылды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.


Мәжіліс барысында индустриалды аймақтарды жобалармен толықтыру жайы талқыланды. Өңір басшысы жауаптыларға бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. 

 

«Кәсіпкерлік жағынан және су мәселесі бойынша ауда, қала әкімдері де есебін дайындасын. Өз аумақтарыңыздағы индустриалды аймақтың инфрақұрылым мәселесін де бірлесе отырып, оңтайлы шешу қажет. Жан-жақты ізденіп, өңірдің дамуы үшін ерекше жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырыңыздар», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

 

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов жиын барысында баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар инфрақұрылымдық алаңдарды дамыту бойынша бірқатар ұсыныс жолдады. Жалпы индустриалды аймақтардың инфрақұрылымына бюджеттен жұмсалған қаржы 10 есе инвестиция тартуға мүмкіндік береді дейді басқарма басшысы. Сондай-ақ аудан және қала әкімдіктерімен бірге индустриалды аймақтарда сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып тұратынын жеткізді. 

Жаңа индустриалды аймақтар өңірдің дамуына оң серпін береді. Соның бірі Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округінен, Жетісай бағытындағы жолдың бойынан 300 гектар жерге «Келес» индустриалды аймағы құрылды. Инфрақұрылым нүктелерін есепке ала отырып, аудан әкімдігі жер телемін де ұсынған. Ал Түркістан индустриалды аймағынан соғылған 2 браунфилдте бүгінгі таңда жиһаз өндіру цехы және шұлық бұйымдарын өндіру цеы жұмыс істеп отыр. Мұнда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. 

 

Өңірде өндірістік парк бойынша 39 өндірістік ғимаратты құру жоспарланған. 1-кезең бойынша 10 ғимарат құрылысы аяқталып, инвестиция сомасына 10 жоба іске асырылып жатыр. Ал 2-кезең бойынша 12 өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары басталды. Өндіріс орындарында орналасатын инвестициялық жобалар пулы жасақталып, меморандумдарға қол қойылды. 3-кезең бойынша 17 өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары да басталған. Кейбірі кәсіпкерлердің есебінен де соғылып жатыр. Сауран ауданында Қарашық, Шорнақ, Иассы ауылдық округтерінде жалпы көлемі 70 мың шаршы метр болатын 49 өндірістік ғимарат салу жұмыстары басталды. Жобалардың басым көпшілігі жиһаз өндіру саласында. Мұнда да жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмысқа орналасатын болады.

Индустриалды аймақтармен қатар, жобаларды «TURAN» арнайы экономикалық аймағына тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында, шетелдік компанияның текстиль кластері, Полимерлі құбырлар, Тау-кен металлургия кешеніне арналған құрылғылар зауыттары бар.

Айта кетейік, бүгінде облыс көлемінде 594 гектардан тұратын 10 индустриалды аймақ бар. Онда құны 125,6 млрд теңге болатын 87 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобалардың басым бөлігі құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі саласында жұмылдырылған. Ал жаңадан құрылған жұмыс орындарында, сол маңдағы жергілікті тұрғындар еңбек етіп жатыр.