22 там, 2024 сағат 19:17

Түркістан облысында «Қоныс аудару» жәрмеңкесі өтіп жатыр

Фото: Бауыржан Найманов


«Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу» бағыты шеңберінде Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары өкілдерінің қатысуымен «Қоныс аудару» жәрмеңкесі өтті.

Жетісай қаласында өткен іс-шараға 250-ге жуық тұрғын қатысты.


«Қоныс аудару» жәрмеңкесіне Жетісай аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров қатысты. Жәрмеңке барысында Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан келген делегация мүшелері өңірлердің жай-күйімен, жергілікті азаматтардың тыныс-тіршілігімен, өңірдің перспективасымен таныстырды. 

 

Қоныс аударуға ниетті азаматтармен тілдесіп, мемлекет солтүстік облыстарға қоныс аударған азаматтардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде ақша, алғашқы уақытта үй жалдауға қаржы берілетінін, сонымен қатар, қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіп, жұмысқа тұрғызу, жеңілдікпен баспана алуға көмектесуді міндетіне алатынын түсіндірді. 

 

Насихат тобы Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандарының тұрғындарымен де кездесті. Онда да Солтүстік өңірдегі ауыл аймақтың тіршілігі жөнінде кең көлемді мәлімет берген сала мамандары, көпшілікті жұмыс күші аз аймаққа қоныс аударуға шақырды.

«Солтүстіктегі жағдаймен танысып жатырмыз. Егерде көңілімізден шықса қоныс аударуға дайынбыз. Өзім мақұлдап отырмын. Әкімдік жұмыс тауып берсе, көмектессе баруға болады. Қазір шарттарымен танысып жатырмын. Екі-үш жылдан бері аталған бағдарламаны естіп келемін. Оңтүстік пен Солтүстіктің айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Барлығы қазақтың жері. Біздің Отанымыз. Содан нар тәуекел етіп отырмын», - деді жергілікті тұрғын Ерхан Бердібеков.

Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылға республика бойынша 7050 квота бөліп, қандастар мен қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 7 облыс белгіленген болатын. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысы (2 702 адам), Павлодар облысы (2 603 адам), Қостанай облысы (950 адам), Шығыс Қазақстан облысы (372 адам), Абай облысы (255 адам), Ұлытау облысы (132 адам), Қарағанды облысы (36 адам). 

 

Бөлінген квота негізінде осы жылдың 8 айында Түркістан облысынан 288 отбасыдан 1 116 адам қоныс аударды. Нақты көрсетсек, Шығыс Қазақстан облысына 18 отбасы (71 адам), Қостанай облысына 18 отбасы (71 адам), Павлодар облысына 127 отбасы (592 адам), Солтүстік Қазақстан облысы 110 отбасы (318 адам), Қарағанды облысына 2 отбасы (11 адам), Абай облысына 8 отбасы (23 адам), Ұлытау облысына 5 отбасы (30 адам). 

 

Жалпы еліміз бойынша 3 494 қоныс аударғандардың 32%-ы Түркістан облысының үлесінде. Олардың ішінде еңбекке жарамды 538 адамның 304-і жұмысқа орналасқан. 2015 жылдан бері жұмыс күші аз Солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан Оңтүстік аймақтардан азаматтарды көшіру жұмыстары нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 14 874 адам немесе 3 358 отбасы қоныс аударған.

Мемлекет солтүстік облыстарға қоныс аударғандардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде ақша, алғашқы уақытта үй жалдауға қаржы береді. Бұдан бөлек, билік оларды қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіп, жұмысқа тұрғызуы, жеңілдікпен баспана алуға көмектесуі тиіс. Ал қоныс аударғандарға жұмыс ұсынған жұмыс берушілерге 400 АЕК (1 476 800 теңге) субсидия беріледі.

«Қоныс аудару» жәрмеңкесі ертең Түлкібас, Ордабасы, Сайрам, Бәйдібек аудандарында өтеді.