17 қаз, 2024 сағат 23:29

Түркістан облысында қоқыс қалдықтарын терең өңдейтін заманауи зауыт салу жобасы қаралуда

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әлемге әйгілі испандық «Auditores Energeticos AFN» компаниясының өкілдерімен кездесіп, өңірде коммуналдық қалдықтарды терең өңдеу зауытын салу жобасын жан-жақты талқылады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».


Қоқыс қалдықтарын терең өңдеудің жаңа технологиясы – қоршаған ортаға зиянсыз, Еуропа елдері қолдаған қалдықсыз, қауіпсіз түрі. Айта кейік, гидрогаздандыру технологиясы қоқыстан жаңа өнім түрлерін шығарады.

Жобаны инвестор компания мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында АХҚО алаңында жасалатын арнайы инвестициялық келісім шеңберінде іске асыру жоспарлануда. Заңды сүйемелдеуді «Қазақинвест» ұлттық компаниясы жүргізеді.


Инвесторлармен келіссөздер жүргізген өңір басшысы Дархан Сатыбалды жобаның маңыздылығына тоқталып, әкімдік тарапынан қолдау болатынын жеткізді.


Түркістан облысы үшін қалдықтарды терең өңдеу – экологиялық тұрақтылыққа, экономикалық өсуге және әлеуметтік ортаны жақсартуға бағытталған кешенді шешім. Қазіргі таңда облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын 17 мекеме жұмыс атқарады. Оның ішінде, 13 мекеме қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптаумен (пластмасса, пластик, полиэтилен қалдықтары, шыны сынықтары, түсті, қара металдар, картон, қағаз, макулатура), 4 мекеме қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады.


Биыл 9 айдың қортындысымен 69 032 тонна қоқыс жинақталып, оның 17 478 тоннасы қайта өңдеуге бағытталды. Бұл көрсеткіш өткен жылы 103 181 тоннаны құрады.


Облыс аумағында 135 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындары белгіленген. Оның ішінде, 38 аудандық, 50 ауыл округінің, 47-сі жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген. Облыс аумағында қоқыстарды жинау, шығару және тасымалдау қызметімен 62 мекеме айналысады. Барлық аудан, қала орталықтарында құрылыс қалдықтарын тастайтын арнайы жер телімдері белгіленіп, мемлекеттік актілері аланған. Арыс және Түркістан қалаларында қоршау жұмыстары жүргізілген.