02 қыр, 2024 сағат 16:16

Түркістан облысында халықты азық-түлікпен қамту мақсатында 100-ге жуық өндірушімен келісім жасалды


Фото: Gov.kz 


Түркістан облысында халықты жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 100-ге жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен ниет шарты жасалды. Жауаптылар форвардтық келісімшарт жасасудың тиімді тұстарын айтып берді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».


Түркістан облысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен ерте пісетін көкөністерді сатып алу бойынша жиын өтті. Кездесуде форвардтық келісімшарт жасасудың тиімді тұстары талқыланды.


Шаймерден Ахметов, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары: «Шаруаға алдын ала қаражат төленеді. Сосын шаруа сол қаражатты пайдаланады. Несие алып, пайызын төлеп жатпайды. Сол қаражатты алып, өнімді өндіріп, содан кейін шығарған өнімін нақты жеткізетін орны бар. Сатушыны іздеп отырмайды. Қаражат та арзан келіп отыр, өткізу нарығы да белгілі болып отыр. Сондықтан осындай шартпен жасасақ деген ұсынысымыз бар».


Кездесуде жауапты басқарма басшыларымен қатар, Түркістан облысында ерте пісетін көкөністерді егетін өңір шаруалары бас қосты. Жиында еліміздің барлық аймағында әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тиімті бағада сатылуын қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді.


Нұрбек Бадырақов, Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:«Келер жылдың өзінде алдын ала болжамдық есеп бойынша, 200 тонна қырыққабат, 40 мың тоннаға жуық сәбіз, 20 мың тонна пияз, 150 мың тонна картоп ерте пісетін өнімдермен егіс құрылымын бекітіп отырмыз. Бұл өз кезегінде көктемнің ерте мезгілдерінде солтүстік өңірлерде, еліміздің барлық өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тиімді бағада сатылуын қамтамасыз етуге қол жеткізіледі».


Жиын барысында халықты жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 100-ге жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен ниет шарты жасалды.