Семей қаласына жұмыс сапарымен Түркістан облысының делегациясы келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық Ақпарат орталығының мәліметінше, ұлы ақынның 175 жылдығына орай Түркістан облысы Семейдегі жаңа мешіт аумағын абаттандыруда. Делегация атқарылған жұмыстармен танысуға және Абай еліне құрмет көрсету мақсатында келді.
«Кездесу қалалық әкімдікте басталды. Онда жұмыс қорытындылары мен алдағы жоспарлар талқыланды. Отырысқа Семей қаласының басшылығы мен Түркістан облысының өкілдері, меценаттар, имамдар мен кәсіпкерлер қатысты. Содан кейін делегация мешітке барып, жүргізілген жұмыстармен танысты. Салынып жатқан мешіт аумағында бүгінде шыршалар отырғызылып, құйма тастар төселді, балалар және спорт алаңдары орнатылды. Қазіргі таңда жұмыстар 95%-ға орындалған. Жақын арада мұнда 500 көлікке арналған автотұрақ та пайда болады. Жалпы абаттандыру жұмыстарын 20 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр», - делінген хабарламада.
Кейін делегация Абай ескерткішіне барды. Түркістан облысынан келген қонақтар ұлы ойшылды еске алып, монумент етегіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ делегация өкілдері «Алаш арыстары» музейіне бас сұққан. Бұрын осы ғимаратта қазақ зиялылары мен «Алаш» партиясының өкілдері жиналған болатын. Экспозицияда алашордашылардың тарихына байланысты көптеген экспонаттар ұсынылған.
Кездесу соңында делегация өкілдері Семей өңірінен келген қонақтарды әрдайым қуана қарсы алатынын атап өтіп, пандемияның тезірек аяқталып, семейліктердің қалыпты өмірге оралуын тіледі.