Фото: АШМ
Түркістанда құны 146,8 млрд теңге болатын мақта өңдеу кешені салынады, деп хабарлайды Ult.kz.
Түркістан облысында мақта өндірісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ірі жобаның құрылысы басталды. Жобаның алғашқы капсуласы Turan арнайы экономикалық аймағында облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС бас директоры Сюй Цзенің қатысуымен салынды. Жобаның жалпы құны — 146,8 млрд теңге.
Толық циклді өндірістік тоқыма кешенінде мақтадан бастап дайын өнімге дейінгі процестерді қамтитын 11 цех жұмыс істейді, олардың қатарында иіру, мата өндірісі, бояу және өңдеу цехтары бар. Фабрика жылына 13 мың тонна иірімжіп, 50 миллион метр үй тоқыма бұйымдары мен 7 миллион жиынтық төсек әбзелдерін өндіруді жоспарлап отыр. Өндіріс іске қосылғаннан кейін 2000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұл жоба аясында Xinjiang Lihua (Group) Co., LTD құрылыс жүргізіп жатқан өндірістік кешен Қазақстандағы мақта-мата кластерінің дамуына үлес қоспақ. Кешеннің маңызды ерекшелігі — әлемдік сән индустриясының алыптары Louis Vuitton мен Gucci брендтерімен тікелей ынтымақтастық. Осы арқылы made in Turkestan белгісімен дайындалған өнімдер әйгілі брендтерге жол тартады.
Түркістан облысы — Қазақстанның мақта өсіретін жалғыз өңірі. Осы өңірде жыл сайын 100 мың гектар жерге мақта егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім алынады. Мақта-тоқыма кластерін дамыту аясында облыста тоғыз кластер құрылып, олар мақта бағасына тәуелділікті төмендетуге көмектеседі. Сонымен қатар, қытайлық әдістерге сүйеніп, су мен энергия шығынын азайту және өнімділікті 60-65 центнерге дейін арттыру жоспарлануда.
2023 жылы Түркістан облысында заманауи қытайлық технологиялармен жабдықталған «Cotton Мақта» ЖШС мақта өңдеу зауыты іске қосылып, зауыт өткен жылы 40 мың тонна шитті мақтаны қабылдады.
Бұл жаңа кешеннің ашылуы Түркістан мақтасын әлемдік деңгейге шығарып қана қоймай, Қазақстанның мақта өндірісінің дамуына елеулі үлес қосады.