Фото: okg.kz
Таудың етегіне жайғасқан Түлкібас ауданының қайсыбір елді мекеніне бара қалсаңыз да, ерекше әсем табиғатына, жасыл желекті ауылдарына кезігесіз. Арыс ауылдық округі орналасқан аймақтың да табиғаты ерекше. Оған округ орталығы – Керейтке кіре берістен-ақ көз жеткізесіз. Бейне бір ғажайыптар еліне енгендей әсерде боласыз. Майда толқындары жағалауды ұрып, сылдырай аққан Арыс өзенінің айналасындағы ну тоғай көз алдыңызға жасыл түске малынған орманды елестетеді. Киелі жерлердің төсінен бастау алатын мөлдір бұлақ-бастаулар ғажайып әсемдікті толықтыра түседі. Осы Арыс ауылдық округінің құрамына Мақталы, Қайыршақты, Керейт елді мекендері кіреді.
Бұл ауылдардың тарихы тереңде жатыр. Атап айтар болсақ, Керейт (бұрынғы Ильинка) ауылының негізі 1881 жылы қаланған екен. Ішкі Ресейден қоныс аударып келген қара шекпенді келімсектер алдымен Керейт бастауына қоныстанады да, өздерінің Илья мерекесінің құрметіне селоны Ильинка деп атап кетеді.
Мақталы ауылы бұрынғы Саларық, Қарабастау, Қараүңгір, Қаратоғай, Төбелдірік секілді шағын ауылдардан құралған үлкен елді мекенге айналады. 1935 жылы ауданда мақтадан мол өнім жиналуына орай бұл елді мекен Мақталы атауына ие болыпты. Қайыршақты ауылы 1923 жылы Қарадөң, Көктанды, Қарағашты, Қайыршақты ауылдарының бірігуінің нәтижесінде құрылады. Еліміздегі ірілендіру саясатының негізінде 1950 жылы Қайыршақты, 1958 жылы Мақталы ауылы Киров атындағы ұжымшарға қосылады. Бұл ұжымшарды әр жылдары Қ.Сармантаев, О.Казанов, В.Шумаев, И.Панченко, М.Қонысбаев, А.Мырзатаев басқарса, ауылдық Кеңестің тізгінін У.Маймақов, Ә.Ізтілеуов, Ж.Тоғызбаев, Б.Әлімбеков, Б.Кемелов, Ж.Әсілбеков, С.Сұлтанбаев, И.Ошаев, кейінірек әкімшілік жүйе өмірге келген соң А.Рысбаев, М.Нұраханов, Қ.Қалмырзаев, Қ.Нәренбаев, К.Амалов есімді азаматтар ұстаған. Қазіргі таңда Арыс ауылдық округінің әкімі қызметін Олжас Пернеханұлы Сатыбалдиев атқарып келеді.
Округ аумағының жер көлемі 13399 гектарды құрайды. Өзара ынтымағы мен татулығы жарасқан бұл жерде төрт ұлттың басын қосқан 3500 халық тұрады. Округ тұрғындары негізінен мал, егін шаруашылығымен айналысады. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатындардың, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар қатары да аз емес. Біз осы округтің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу үшін Олжас Пернеханұлын әңгімеге тартқан едік. Әкіммен болған әңгімеміз төмендегіше өрбіді.
– Округ бойынша биыл қандай жұмыстар атқарылуда?
– Біз үшін 2024 жыл сәтті басталды. Округ аумағында талай ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1 млн. 598 мың теңгеге «TVRKISTAN QYZMET 2050» ЖШС тарапынан мал тоғыту орнына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл жұмыс толығымен аяқталды. «Ел ынтымағы» ЖШС тарапынан Керейт ауылындағы Жамалбек Әсілбеков атындағы көшенің аяқ жағындағы қауіпті аймаққа жол қоршауы орнатылып, пайдалануға берілді. Облыстық және республикалық бюджет есебінен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Керейт ауылындағы Әсілбеков, Мырзатай, Еркінбек, Тұрманұлы көшелеріне және Мақталы елді мекеніндегі Байбосынұлы, Мұратбаев, Тәуелсіздік көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудандық бюджет есебінен Керейт ауылындағы ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, су жинауға 50 текше метр қосымша резервуар орнатылды. Бұдан бөлек, қауіпті аймақ маңына орналасқан ауылды су шайып кетпеуі үшін Арыс өзенінің арнасы талапқа сай ретке келтірілді.
Республикалық бюджет есебінен Мақталы ауылында заманауи фельдшерлік амбулаториялық бекет құрылысы басталып, қазіргі таңда жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Демеушілер есебінен Керейт ауылында жабық түрдегі шағын спорт кешені ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Әрине, бұл жұмыстардың барлығын жергілікті әкімшілік қана емес, Арыс ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразбек Дәулеталиев пен жергілікті ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жақсыбек Құдайбергенов бастаған ел ағалары қадағалап, басы-қасынан табылып жүрді.
– Ал, тазалық мәселесі қалай шешілген?
– Бұл жағынан ұялмаймыз. Тазалық мәселесі бізде күн тәртібінен түспеген. Әр мекеме, әр шаруашылық, мектеп ұжымы, мәдениет қызметкерлері, әкімшілік қызметкерлері болсын, өздеріне қарасты аумақты мұнтаздай таза ұстап отыр. Естеріңізде болса, бұдан біраз жыл бұрын біздің округ облыс көлеміндегі «Ең үлгілі ауыл» номинациясын жеңіп алған. Біз осы атқа сай тазалыққа деген жауапкершілігімізді іс жүзінде танытып келеміз.
– Спорт пен мәдениет саласына қарай ойыссақ...
– Республикаға белгілі Мақталы халық театры, басқа да көркемөнерпаздар үйірмесі қалыпты жұмыс атқаруда. Спорт жарыстары да тұрақты өтіп тұрады. Жастар арасында ұлттық спорт – көкпарға қызығушылық артып отыр. Жуырда Мақталы ауылында «Ата-бабаны құрметтеу – ұрпақ парызы» атты іс-шара өтті. Онда есімдері алты Алашқа мәлім Байтілеу және Бәйімбет бабалардан тараған ұрпақтар ұйымдастырды. Көпшілікке арнап ас таратылды. Жиналған қауымды ынтымаққа, бірлікке, татулыққа шақырған мазмұнды әңгімелер айтылды. Ол тұрғындарға, оның ішінде жас ұрпаққа соны серпін, жігер сыйлады. Алла разылығы үшін берілген үлкен аста Құран оқылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген бауырлар ата-бабаларының рухына тағзым етіп, зиярат жасады. Округ аумағында бұдан басқа да жан жадыратар істер атқарылуда. Олардың басы-қасында өмірден көргендері, көңілге түйгендері мол аға буын өкілдерінің жүргені, әрине, құптарлық жағдай. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Арыс ауылдық округінде ауыз толтырып айтар істер көп.
– Ендеше, істеріңізге сәттілік тілейміз!
Орынтай КӨМЕКОВ,
Түлкібас ауданы