Фото: Ult.kz
Алматыда «Түркі әлемінің медиа кеңістігі: жаңа дәуірдегі міндеттер мен мүмкіндіктер» атты VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы өз жұмысын бастады. Екі күнге созылатын шараға Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, сондай-ақ Еуропа елдерінен келген сарапшылар, редакторлар, медиа менеджерлер мен журналистер қатысып жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Форумда ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыру, жаңа медианың қарқыны, технологиялық өзгерістер және өңірлік ынтымақтастықты күшейту мәселелері кеңінен талқыланып жатыр.
«Түркі елдері бірін-бірі толық танымайды»: Нәзия Жоямергенқызы
Алғашқы сөзді Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы алып, форумның басты мақсатын түсіндірді.
Оның айтуынша, кеңестік кезеңнен кейінгі ақпараттық алшақтық түркі елдерінің бір-бірін тануына кедергі болып отыр.
«Тілдік, мәдени жақындастық әлсіреп, әртүрлі алфавиттердің қолданылуы өзара түсіністікті тежеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ортақ жобалар жасап, журналистерді біріктіру маңызды», – деді ол.
Қор басшысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің медиаға жаңа мүмкіндіктер беріп отырғанын атап өтті.
Жаңа ұйым құрылды: Әзербайжан мен Қырғызстан қосылмақ
Спикер соңғы жетістіктерге де тоқталды. Брюссельде өткен V медиа форумның қорытындысы бойынша Қазақстан, Бельгия және Нидерланд бірігіп Дүниежүзілік Түркі медиа ассоциациясын құрды. Нәзия Жоямергенқызы әріптестердің қолдауымен ұйым президенті болып сайланған.
«Бүгінгі форумда Германияның қосылуы күтіліп отыр. Әзербайжан мен Қырғызстан да ниет білдірді», – деді ол.
Министрлік: «Ортақ медиа кеңістік – стратегиялық қажеттілік»
Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Қуаныш Игіман форум қатысушыларын құттықтап, ақпараттық интеграцияның маңызын атап өтті.
«Тарихы, мәдениеті жақын халықтар үшін ортақ медиа кеңістікті дамыту – тек кәсіби міндет емес, стратегиялық қажеттілік», – деді ол.
Ол сонымен бірге ақпарат ағынының күшеюі, гибридтік қауіптер мен цифрлық платформалардың үстемдігі жаңа тәсілдерді қажет ететінін айтты.
Фото: Ult.kz
Министрлік өкілі жасанды интеллекттің медианың жаңа сапасын қалыптастырып жатқанын да атап өтті.
Алматы әкімдігі: «Форум жаңа серпін береді»
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Шерехан Дастан іс-шараның маңызын атап өтті.
«Медиа өкілдері үшін тәжірибе алмасу – жұмыстың сапасын арттырып, жаңа серпін береді», – деді ол.
Форум аясында медианың экономикалық тұрақтылығы да талқыланды. Өзбекстандық «Халық сөзі» газетінің сарапшысы Нұрлан Усманов бүгінгі медианарықта кірісті әртараптандыру маңызды екенін айтты.
«Бір ғана табыс көзіне сүйену – тәуекел. Медиа үшін жазылым, донат, жарнама және грант – төрт негізгі тірек», – деді ол.
Усмановтың айтуынша, Өзбекстанда онлайн жазылым енді дамып келеді. «Халқ сузи» және «Народное слово» газеттері қағаз жазылымнан онлайн жүйеге өтуді жоспарлап отыр.
Сарапшы оқырман қолдауы мәдениетін қалыптастыру редакция мен аудитория арасындағы сенімді арттыратынын атап өтті.
Медиа – өңірлік бейбітшіліктің құралы: Кавказ және Таяу Шығыс мысалы
Форумда өңірлік қауіпсіздік мәселесі де көтерілді. Әзірбайжан Журналистер одағының төрағасы Эльчин Шыхли мен Германиядағы Түрік медиасы ассоциациясының өкілі Аднан Өзтүрк медиа бейбітшілік орнатуда шешуші рөл атқаратынын айтты.
Фото: Ult.kz
Эльчин Шыхли 2020 жылғы Кавказ қақтығысы кезінде жалған ақпараттың қоғамға тигізген зиянын еске алып:
«Медиа қорқыныш емес, түсіністік пен эмпатияның үні болуы тиіс», – деді.
Ал Аднан Өзтүрк медиа – «жүректер арасындағы көпір» екенін атап өтті:
«Бейбітшілік саясаттан ғана емес, тіл, мәдениет және ақпараттан басталады», – деді Эльчин Шыхли.
Алматыда өтіп жатқан VI Халықаралық медиа форум түркі әлемінің ақпараттық интеграциясын жаңа деңгейге шығарып, ортақ жобаларды дамытуға жол ашпақ. Сарапшылардың айтуынша, біріккен ақпараттық кеңістік – түркі халықтарын жақындататын стратегиялық қадам.
