Коллаж: Ult.kz
Алматы қаласының табиғи, мәдени және инфрақұрылымдық әлеуетін тиімді пайдаланып туризімін көркейтуге болатыны белгілі. Себебі оңтүстік астана табиғаты мен мәдениеті үйлескен, ескі де жаңа ғимараттары менмұндалаған ерекше қала. Өткен жылдың өзінде Алматыға келген шетелдік туристер саны 1,2 млн адамды құрады. Ult.kz тілшісі Алматының туристік мүмкіндіктерін саралап көрді.
Алматының көне көшелері, ескі ғимараттары, музейлері, қазақтың салт-дәстүрін көрсететін этноауылдар, қолөнер шеберханалары, театр мен кинотеатрлары қаланың мәдени өмірінен хабар берсе, жүгіру марафондары, ұлттық тағамдар фестивалі, халықаралық деңгейдегі мәдени-рухани іс-шаралар қаланың туристік мүмкіндігін аша түседі.
Тау мен табиғат үйлескен мекен
Қала аумағында Шымбұлақ, Oi-Qaragai, Медеу, Бутаковка, Көкжайлау, Іле-Алатауы сияқты тұмса табиғаты экосаяхат ұйымдастыруға таптырмас жер. Ғажайып таулары жаяу серуен (трекинг), тауға шығу (альпинизм), тау велосипеді, шаңғы, сноуборд сияқты белсенді саяхаттың түр-түрін ұйымдастыруға сұранып тұр.
Айта кетейік, Алматы әлемдік туристік бағыт ретінде The New York Times басылымының «Баруға лайық 52 орын» тізіміне енді, Wanderlust журналының TOP-24 туристік бағыт қатарына кірді, ал Шымбұлақ курорты мен Oi-Qaragai ТМД-да үздік деп танылып, туризмдегі инновациялары үшін марапатқа ие болды. Бұл Алматының туристік әлеуетін көрсетсе керек.
Ал Алматының шетіне шықсаң Ассы, Түрген, Көлсай, Қайыңды секілді көркі көз тойдыратын жерлер жетіп артылады. Бұл Алматы қаласының келушілерін өзіне баурай түседі.
Ресми дерекке сүйенсек, биыл таулы аймақта 1000 шақырымнан астам маршрут цифрландырылды, 750 шақырымнан астам жол көркейтілді, 13 кемпинг аймағы құрылды.
Алматының гастрономиялық келбеті
Бұдан бөлек мәдени астанамызда дәмхана, мейрамханалардің түр-түрі бар екені жасырын емес. Ұлттық және түрлі халықтардың асханасынан дәм татып, қуырдақ, ет, бауырсақ, қымыз сияқты аспаздық мәдениетті байқап көруге болады. Сонымен қатар көше тағамдарының да (street food) алуан түрі кездеседі. Тағам туризмі — тек дәм татып көру емес, ол — мәдениетті сезіну. Қазақстан, соның ішінде Алматы, осы бағытты дамыта отырып туристерді қызықтыра алады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша 2024 жылы елде 16 674 қоғамдық тамақтану орны болса, оның ең көбі, яғни 2 427-сі Алматыда орналасқан екен.
Мұның барлығы Алматының туристік мүмкіндігін кеңейтіп, жанжақты дамуына ықпал етеді.
Ult.kz тілшісіне сұхбат берген IUTH Университеті, “Туризм” мектебінің аға оқытушысы Нұржан Әбдіразақов Алматы қаласындағы инфрақұрылымдарды дамыту, көлік-коммуникация қызметтерін жақсарту, сосын иммиджді арттыру үшін жарнама, насихат жұмыстарын дамыта беру керек деп есептейді.
«Одан бөлек қонақүйлердегі қызмет көрсетуді жақсарта берген жөн. Бізде қазір жаман емес, жақсы. Әсіресе мейрамхана, қоғамдық тамақтандыру саласы жақсы дамып келе жатыр. Бірімен бірі жарысып, бәсекелестік пайда болған. «Бауырдақ» деген сияқты түрлі ұлттық фаст-фудтарымыз да шығып жатыр. Ұлттық калоритімізді көрсететін «Сандық», «Тары» деген сияқты тағы да басқа ұлттық мейрамханаларымыз шығып жатыр және бұл құптарлық іс. Осындай жұмыстар жасала бергені дұрыс болады», ‒ деді сарапшы.
Алматыға қызығушылық артты: туристер саны 18%-ға көбейді
Азия мен Еуропаның тоғысқан жерінде орналасқан еліміздің көрікті шаһары географиялық орналасуының өзі Алматының туризмге халықаралық хаб болудың алғышарты іспеттес. Осы мақсатқа бағытталған Visit Almaty, Kazakh Tourism сияқты бағдарламалар жүзеге асып жатыр.
Айта кетейік, биыл Алматы CNN нұсқасы бойынша үздік туристік бағыттар тізіміне кіріп, Booking.com платформасы бойынша жылдың ең танымал қалаларының бірі атанған.
Сонымен қатар бұған дейін Алматы әкімдігі 2025 жылдың бірінші тоқсанында шаһарға келген туристер саны 18%-ға артқанын хабарлаған.
«Бұл кезеңде қалаға 497 мыңға жуық адам келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,9%-ға көп. Әсіресе, шетелдік туристер санының көбеюі қуантады: олардың саны 18%-ға артып, 145 058 адамға жеткен», - делінген хабарламада.
Туристер легінің артуы Үндістан (+73,4%), Қытай (+39,3%), Түркия (+24%), Біріккен Араб Әмірліктері (+47,8%) және Малайзия (өсім - 5,7 есе) сынды елдерден байқалды.
Жалпы соңғы үш жылда Алматыда туризм қарқынды дамып, 91,8% өсім көрсетті. Шетелдік туристер саны 4,2 есе, ал ішкі туристер саны 56,3%-ға артты. Саладан түскен салық түсімі үш есеге көбейді.
2022 жылдан бері қалада 5972 нөмірлік қоры бар 43 қонақүйдің құрылысы жүріп жатыр, 26 туристік жоба жүзеге асуда, оның ішінде 7 жоба 2025 жылы аяқталады.
Қала 2025 жылы 2,5 миллион турист тартуды көздеп отыр. Қонақтардың қанағаттану индексі 67,5%, бұл қызмет көрсету сапасының артқанын көрсетеді.
