Фото: ашық дереккөз
Бүгін Қазақстанда Спорт күні атап өтіліп жатыр. Осыған орай Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ел тұрғындарын құттықтап, мерекенің мән-маңызына тоқталды, деп хабарлайды Ult.kz.
«Құрметті қазақстандықтар! Сіздерді шын жүректен Спорт күнімен құттықтаймын! Бұл мерекенің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және халқымыздың денсаулығын нығайту», – деді министр.
Оның айтуынша, спорт тек қана дене шынықтыру емес, ол – ерік-жігердің, мақсаткерліктің, бірліктің және достықтың символы.
Ербол Мырзабосынов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде спорт инфрақұрылымы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Жаңа спорт нысандары аймақтарда ашылып, қазақстандық спортшылар халықаралық ареналарда табысты өнер көрсетуде.
Биыл дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға қатысты заңнамаға да елеулі өзгерістер енгізілді. Олар спортшылардың әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, параспортты қолдауға, бюджетті оңтайландыруға және қаражатты ұлттық, балалар мен бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.
Министр жыл басынан бері Қазақстанда көптеген халықаралық жарыстар өткенін, олардың ұйымдастырылуы еліміздің спорттық инфрақұрылымының заманауи талаптарға сай екенін дәлелдейтінін айтты. Сонымен бірге биыл ғана елімізге жиырмаға жуық халықаралық спорт ұйымының өкілдері келгенін, олардың жартысын Мемлекет басшысы қабылдағанын жеткізді. Бұл Қазақстанның спорт саласындағы беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.
«Баршаңызды осы мерекемен құттықтай отырып, мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй және жаңа жетістіктер тілеймін. Спортпен айналысып, белсенді өмір салтын ұстаныңыздар!» – деді Ербол Мырзабосынов.
