"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ тиісті лицензияны күтпестен "7-20-25" бағдарламасы бойынша ипотека бере бастайды. Бұл туралы банктің жарнама және қоғаммен байланыс департаментінің директоры Зәуре Масғұтова айтты, деп хабарлайды Sputnik агенттігі.
ТҮҚЖБ "7-20-25" бағдарламасы бойынша осы жылдың 1 шілдесінен ипотекалық қарыз бере бастайды. Бірақ әзірге банк мемлекет басшысы бастамашы болған бағдарламаға қатыса алмайды. Өйткені "Тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы" заңға өзгерістер енгізілмеген.
"ТҮҚЖБ "Баспана" ипотекалық компаниясымен ("7-20-25" бағдарламасының операторы, Ұлттық банктің еншілес компаниясы – Sputnik) ынтымақтасып жұмыс істеу үшін "Тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы" заңға өзгерістер енгізу керек. Сонда ғана банк сенімді басқарумен айналысу құқығына ие болады. Яғни, банк кредиттік портфелінің бір бөлігін "Баспанаға" бере алады. Мәжіліс пен Сенат аталған өзгерістерді мақұлдады, қазір заң қол қою үшін президентке ұсынылды", — деді Зәуре Масғұтова.
Заңға түзетулер осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында енгізіледі деп жоспарлануда.
Масғұтованың айтуынша, уақыт жоғалтпас үшін түзетулерге қол қойылғанға дейін банк "7-20-25" схемасы бойынша ипотека беруді бастайды. Заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Ұлттық банктің лицензиясын алуды жоспарлап отыр, ал кейін бағдарлама операторымен келісім бекітеді.
"Осыдан кейін ТҮҚЖБ азаматттарға берілген қарыздарды "Баспана" ипотекалық компаниясына тапсыра алады", — деді Масғұтова.
Алдағы үш айда банк 7,5 миллиард теңгедей ипотекалық қарыз беруді жоспарлап отыр.
Айта кетсек, "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы бойынша әр жұмыс істейтін қазақстандық несиеге баспана сатып ала алады. Қазақстандықтар келесі шарттармен ипотекалық қарыз алу мүмкіндігіне ие болмақ: несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылына 7%-дан, бастапқы жарна — 20%-дан аспайды, несиені төлеу мерзімі – 25 жылға дейін. Ипотекалық бағдарлама бойынша несиелер тек ұлттық валютамен беріледі.