Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біріншіден бұл ғажап мереке. Ұлы ақынның мерейтойы тұтас қазақ халқының мәдениетіне, сөз өнеріне деген құрмет. Абай даналықтың шыңы, қазақтың фәлсафасы. Сондай-ақ биыл әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтудеміз. Оның өмір сүрген уақыты мен хакім дүниеге келген заманның арасы 10 ғасыр. Десе де әл-Фарабиде айтылған ой Абайдың шығармашылығынан да көрініс табады. Бұл халқымыздың дәстүрінің, мәдени мұрасының сонадайдан бері жалғасып келе жатқанына бірден бір дәлел. Көбісі менен «Еліміздегі атақты абайтанушылар кім?» деп сұрап жатады. Оларға берер жауабым біреу: «Ең негізгі абайтанушы ол – қазақ халқы», - дейді Тұрдықұл Шаңбай.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» атты мақаласының мәні өте зор.
«Рухани реформатор деген сөздің өзі мол мағынаға ие. Реформа кез келген салада болуы мүмкін. Ал рухани реформа дегеніміз халық санасының оянуы. Жаһандық деңгейде атап өтіліп жатқан мерейтойдың мақсаты да осы болса керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласында Абай айтқан «бес дұшпаннан» арылу керектігін сөз етті. Халықты ұлы ақын өз өлеңдерінде үндеу тастаған білімге деген құштарлыққа, еңбек етуге деген ұмтылысқа шақырды. Хакімнің «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзін күллі әлем біледі. Сондықтан да Президентіміз жазғандай, еліміздегі ұлтаралық татулықты сақтау баршамызға міндет», - дейді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры.
Тұрдықұл Шаңбай өз сөзінде ұлы ақынның 175 жылдығына орай музейде қандай шаралар атқарылып жатқанына тоқталды.
«Абай тұрған Жидебай елді мекенінің халықаралық атласы жасалуда. Абай академиясымен бірлесіп әзірленетін атлас үш тілде басып шығарылмақ. Жидебай аумағы – 6 мың 400 гектар. Атласты құру мақсатында дарынды фотографтарды жинадым. Басылымда Жидебайдың флора, фауна, ландшафты, биоалуантүрлілігі мен тарихи жерлері көрсетіледі. Жалпы біздің музей ғылыми орталыққа айналу керек. Бұл жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса айтқан болатын. Сондықтан музейдің ғылыми тұжырымдамасын әзірледім. Ондағы негізгі бағыттардың бірі Абайтану мәселелеріне арналған. Осы тақырыпта 100 томдық кітап шығару жоспарланып отыр. Ол үшін музей қоры жеткілікті.Жыл сайын жүйелі түрде 10 томнан жарық көріп отырады. Бұл жинақ Абайтану саласына қызығушылығы бар кез-келген қазақстандыққа қолжетімді болғанын қалаймыз», - дейді ол.