Тұңғышбай Жаманқұлов келтірген шығының бір бөлігін қайтарды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осыған дейін Жаманқұлов шығынды ішінара өтегендігі хабарланған еді, бұл тұрғыда Қожамжаров актердің төлеген қаржысын нақтылап өтті. Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, бүгінде Тұңғышбай Жаманқұлов 6 млн. теңгеге жуық қаржыны қайтарды.
Сонымен қатар «Қазақфильм» алдындағы барлық берешегін төлейтіндігі туралы міндеттемені өзіне алып отыр.
Еске сала кетейік, күдікті ретінде ұсталған танымал актер кепілзатпен босатылып, қазіргі кезде Тұңғышбай Жаманқұлов үйінде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, қараша айының басында «Жаманқұлов өз кінәсін мойындады» деген ақпарат тараған болатын. Ол 2 қарашада қаржыны жымқырды деген күдікпен ұсталды. Тергеу «Қазақфильм» АҚ фильмнің бастапқы әзірлік және дайындық кезеңдеріне «Т.К.Turan Universal Business» ЖШС-на 79 млн теңге бөлгенін анықтады.
Бұл соманың 69 млн теңгесін оның құрылтайшысы болып табылатын «Т.К.Turan Universal Business» ЖШС арқылы картинаның бас продюсері Тұңғышбай Жаманқұлов жымқырғандығы хабарланды.